«Zhas Project» жобасы аясында 700 жас жұмыспен қамтылды
БҚО бойынша 771 жоба ұсынылса, соның 217-і мақұлданып, 700-ге жуық жас жұмыспен қамтылған. Шалғайдағы Жәнібек ауданы жастары да мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп отыр. Ауданда 10 жоба іріктеліпті. Әрқайсысы үш адамнан құралған топтарға 1 млн теңге көлемінде қайтарымсыз көмек берілген. Мәселен, Ерлан Мәмбетов өз ауласынан екі шағын жылыжай салған. Көкөніс өсірудің қыр-сырын Түркістан облысынан үйреніп келіпті. Алғашқы өнімді ауылдастарына тегін таратса, кейін отбасылық кәсібін кеңейтіп, пайдаға кенелуді көздеп отыр.
Ерлан Мәмбетов, жас кәсіпкер:
- Грант ұту басты мақсатымыз болды. Арманымыз орындалып, 500 мың алдым. Солайша жұмысымызды бастап жатырмыз. Екі жылыжайға 300 түп отырғызып қойдым. Қиярдан кем дегенде 600 келі алу жоспарым бар.
Мөлдір Әбдірешева, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
- Бұл жобадан күтетін нәтиже іріктеуден өткен жеңімпаздар әлеуметтік топтарға, яғни осал және аз қамтылған отбасыларға өз көмектерін көрсетіп, өз кәсіптерін әрі қарай дамыту болып табылады. Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейін азайтуға жоба біршама үлесін қосып отыр.