Түркістан өңірінде ірілі-ұсақты 130 мың шаруашылық бар
Жыл сайын оның 10-15% ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несиеге қол жеткізеді. Оған өз кәсібін дамытып, өнім көлемін ұлғайтады. Соңғы 7 айда аймақ шаруалары 211 млрд теңгенің өнімін өндіріп, республикада 2-орынға шықты. Мұндай жетістікке өңір шаруалары аграрлық салаға беріліп жатқан несие қолдаулар мен мемлекеттің демеуінің арқасында ие болып отыр.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында орналасқан жергілікті кәсіпкер Бахадыр Хабибов 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Яссы несие» серіктестігінен 62 млн теңгеге 100 бас асылтұқымды сиыр сатып алған. Ірі қаралар Ресейден әкелініпті. «Зеңгі бабаның әрбір тұқымы тәулігіне 10-15 литрге дейін сүт береді», – дейді ферма басшысы.
Бахадыр Хабибов, шаруашылық басшысы:
- Бұл сиырлардың тұқымы – симментал. Оны таңдаған себебім: сүті сапалы және көп өнім береді. Болашақта осы сүт өнімін қала маңындағы сүт цехтарымен келісімшартқа отырып, соларға өткіземіз деген ниетіміз бар.
Ал жеке кәсіпкер диқан Абдашим Юлдашев 10 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысады. Алғашында ол бұл кәсіпті өз үйінің ауласындағы 10 соттық жерге қызанақ пен қияр өсіруден бастаған. Кейін несие серіктестігінен 2 рет қаржы алып, кәсібін кеңейткен. Қазіргі таңда 1 гектар жылыжай салып, өнім көлемін ұлғайтып отыр.
Абдашим Юлдашев, кәсіпкер:
- Қызанақ жарты гектарға 12 мың түп егіледі. Одан 70 тонна қызанақ аламын. Қалған жарты гектарына қияр егемін. 18 мың түптен 45 тоннадай қияр шығады. Үлкейтеміз деген ойымыз бар. 3 гектарға дейін жоспарлап отырмыз.
Түркістан облысының шаруалары соңғы 7 айда 211 млрд теңгенің өнімін өндірген. Сөйтіп республикада 2-орынға шықты. Мұндай жетістікке өңір шаруалары аграрлық салаға беріліп жатқан несие қолдаулар мен мемлекет демеуінің арқасында ие болған.
Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасының өзімен аграрлық несие серіктестігімен 5 мыңнан астам шаруа несиеге қол жеткізді. Жалпы облыстағы 130 мың шаруаның жыл сайын 15-20 мыңы осы аграрлық несие корпарациясы «КазАгро» АҚ еншілес ұйымының ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және «КазАгро» АҚ жұмыс істеп жатыр.
Осы орайда Қарнақ ауылында 1400 мүшесі бар несие серіктестік жаңа заманауи ғимаратпен қамтылды. Аталмыш ғимаратта несие серіктестігі, Халыққа қызмет көрсету орталығы және балаларға арналған оқу орталығы жұмыс істейтін болады. 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы