Мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Ал Алматы облысында мектеп жанындағы шағын орталықтан бүлдіршіннің құлап кеткені ел есінде. Жаңа оқу жылы Қазығұрт ауданының Жаңабазар елді мекенінде қайғылы жағдайдан басталды. 5 қыркүйекте мектеп оқушысы сабақ үстінде көз жұмған болатын. Жеткіншектің үстіне спорт залындағы футбол қақпасы құлап кеткен еді. Осы оқиғадан кейін 816 млн теңгеге соғылып, жуырда ғана пайдалануға берілген 300 орындық білім ордаларында тексеріс басталды.
Қайрат Арап, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы:
- Әсіресе пайдалануға берілген бірнеше мектеп бар. Мектептегі құрал-жабдықтың сапалы орнатылуы қайта тексеріліп, зерделеуден өтіп жатыр.
Спорттық жабдықтардың құлауынан Қостанайда да бір жеткіншек көз жұмған болатын. Маусым айындағы қайғылы жағдайдан соң арнайы комиссия құрылды. Жұмыс тобы қаладағы 155 ойын алаңын тексеріп шықты. Соның ішінде тозығы жетіп, адам өміріне қауіпті деген 8-і сүріліп тасталды. Қалалық әкімдік пен пәтер иелері кооперативтері арасында өзара келісім жасалып, балалар алаңына жауаптылар анықталды.
Алексей Тарасов, қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қала бойынша 86 пәтер иесі кооперативтер болса, соның 71-і меморандумға қол қойды. Осыған сәйкес, ойын алаңқайларын күтіміне, яғни қақпа, баскетбол шығыршығының шығып кеткен бұрандамаларын бұрау, бояу, дәнекерлеу жұмыстары кооперативтердің құзырына жатады. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты.
Мамыр айында Талдықорғандағы №19 мектеп-лицейінде де жазатайым жағдай болды. Екінші қабаттағы шағын орталықтың терезесінен тәрбиеленуші құлап түскен еді. Абырой болғанда 2 жастағы бүлдіршін аман қалды. Осыдан кейін мекемені арнайы комиссия тексеріп, терезелері бұрандамен бекітілді.
Маржан Мақашева, шағын орталық әдіскері:
- 18 терезе бар. Сол 18 терезенің барлығы бекітілді. Балалар ұйықтап жатқан кезде желдету керек. Сонда ғана үстіңгі терезені ашамыз. Тәрбиешілермен қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Білім мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуде сыртқы бейнебақылау камераларының алар орны зор. Әсіресе мұндай техника мектеп ішіндегі жағдайды жіті қадағалауға мүмкіндік береді.
Алматы облысында мемлекеттік балабақша, мектеп, колледждер саны 1100-ден асады. Онда 700 мың бала тәрбиеленіп білім алып жатыр. Биыл сол мекемелердің барлығы 100% сыртқы бейнебақылау камераларымен қамтылатын болады.
Балалардың қауіпсіздігі мектеп қабырғасындағы шаруамен ғана шектелмейді. Көшеде, қоғамдық орындарда, тіпті демалыс кезінде де оқушыларды бақылау қажет. Теріс жолға түспеуі үшін тәрбие беру керек. Осы мақсатта облыстық Білім басқармасы ата-аналар және өкілетті органдармен бірлесе жұмыс істеп жатыр.
Айнагүл Үшкемпірова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Жоспарға сәйкес «Балалар түнгі қалада», «Көше» және тағы басқа да рейдтік шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар баланың мектеп ішіндегі қауіпсіздігі, мектептен тыс жердегі қауіпсіздігі туралы ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Семинарлар мен кездесулер өткізіліп тұрады.
Бала өміріне тиісті мекемелер ғана емес, тұтас қоғам жауапты болу керек. Сонда ғана бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жандос Жұмабеков, Мағауия Қалиев, Қуаныш Түргенбаев