Қостанай облысында балалардың хоккей командасын таратып жіберді
Жас спортшыларды неге осылай сергелдеңге салып қойғандығын ата-аналар да, сала мамандары да түсінбей дал.
Қостанайда жалғыз жабық мұз сарайы бар. Бірақ бүгінде онда коньки тебу спортшылар үшін мұң болып тұр. Себебі мұз айдыны әлі күнге дейін дайын емес. Сондықтан шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балғындар аяқтарына коньки емес, дөңгелекті ролик киюге мәжбүр.
Шорт-трекпен айналысатын балалардың арасында Олимпиада ойындарына қатысқан қостанайлық Анастасия Крестова мен Денис Никишаның жолын қусам дейтіндер аз емес.
Амантай Ерденов, ата-ана:
- Екі балам шорт-трекпен айналысады. Бірақ қиын жағдай болып тұр. Сәуірден бері жаздай жарты жыл болып қалды, әлі мұз жоқ.
Бұл спорт сарайына үш жыл бұрын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілген. «Бірақ содан кейін әр жері сыр беріп, жұмысы дұрыс оңбады», – дейді бапкерлер. Қандай құпия бар екендігі белгісіз, спорт сарайының басшылығы сұхбат беруден ғана емес, тіпті ішкі жөндеу жұмыстарының барысын көрсетуден де бас тартты.
Ислам Абдуллаев 14 жаста. Рудныйда он жылға жуық кәсіби тұрғыда хоккеймен айналысады.
Ислам Абдуллаев, жас хоккейші:
- Қайта оралып, хоккейдегі мансабымды жалғастырғым келеді. Әзірге оған мүмкіндік жоқ. Бізді есептен шығарып тастады.
13-15 жастағы балалардан құралған рудныйлық команда былтыр ел біріншілігінде жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Ал биыл хоккей клубының жаңа иелері жаттықтырушының жоқтығын, бала санының аздығын сылтау етеді. Бірақ негізгі себеп қаржыға келіп тірелетіндей. Қазір 22 жас хоккейшінің жартысы басқа жақтарға кетуге мәжбүр болса, қалғаны бос сенделіп жүр.
Елена Киреева, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Қалалық спорт бөлімінде хоккей клубы жұмыс істейді. Қазір оның меншік түрі өзгеріп, мемлекеттік мекеме болып қайта құрылып жатыр. Сосын ғана жекеменшік иелігіндегі спорт сарайында жаттығу ақысын төлеуге мүмкіндік пайда болады.
Спорт басқармасындағылардың айтуынша, бұл мәселе желтоқсан айына қарай шешілуге тиіс. Сондықтан ересектер бір тоқтамға келгенше балаларға қыдырып, көше кезуден басқа амал жоқ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг