Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға іссапары барысында 10 келісімге қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына екікүндік мемлекеттік сапары барысында 10 маңызды құжатқа қол қойды.
Қытаймен дипломатиялық байланыс орнатқалы 27 жыл. Баспасөз барысында спикерлер бұған жеке тоқтады.
Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы:
- Қытай Қазақстан жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды. Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Негізгі мақсаты – сауда жасау, сауда арқылы пайда табу.
Қос ел – стратегиялық әріптес. Сол байланысты арттыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапармен сонда барды. Айта кету керек, ниет танытып шақырту жіберген – Қытай тарапы. Бұған дейінгі уағдаластықтар бірлік бар жерде тірліктің оңай бітетінін, табыстың берекелі болатынын көрсетті. Бір ғана мысал: соңғы 4 жылда Қытайдың Қазақстан арқылы контейнерлік жүк тасымалдауы 15 есеге артқан. Енді біз олардың аймағы арқылы саудамызды дамытамыз.
Роман Скляр, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Мемлекет басшысының сапары аясында жылына 2 млн тоннаға жуық Қазақстан көмірін Қытайдың Ляньюнгань порты арқылы Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне тасымалдау туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қытай – технология саласында әлемдік көшбасшы мемлекеттердің бірі. Мамандар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен «Astana Hub» технопаркінің ісін жүргізуде олардың көмегі бізге артық болмайтындығын айтады.
Асқар Жұмағалиев, Цифрлық даму, инновациялар Және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Біз қытайлық әріптестермен тиісті келісімге келдік. Болашақта Astana Hub-тың негізінде инновациялық жүйелерді дамыту мақсатында ортақ алаң қалыптастырамыз деп келістік. Алаңның арқасында болашақта жақсы технологиялар пайда болады.
Сондай-ақ алдағы уақытта көршімізден білім саласында пайдалану үшін супер компьютерлер алу жоспарлануда. Осы сапар алдында Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Президентке өтініш жіберген болатын.
Мұрат Нұртілеуов, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Осыған орай Президент Бейжіңдегі кездесулерде Қытай тарапына өзінің жеке өтінішін жеткізді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Оның нәтижелері бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы осы жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мемлекет басшысы өз тарапынан үлкен көңіл бөліп отыр. Сондықтан сапар нәтижесі бойынша берілетін тапсырмалар тізіміне отандасымыздың тағдырына қатысты мәселе арнайы пункт ретінде кіретін болады.
Баспасөз отырысының соңында Президенттің алдағы жұмыс жоспары жөнінде де ақпарат берілді. Мемлекет басшысының ендігі сапары Америка Құрама Штаты болады деп күтілуде.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Айдос Меделбеков