Қостанай облысы: Заречный кентінің тұрғындары газға зәру болып отыр
Газ, су тартылмаған, жол салынбаған. Бұрын сол тұста сібір жарасымен ауырған малдың қорымы болған екен. Сондықтан ол аумақта қандай да бір құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ. Бірақ бір қызығы қауіпті қоныс жайлы бертін келе ғана мәлім болды.
Ресми мәліметке сүйенсек, 50-ші жылдары ауылдан шамамен 300 метрдей жерде сібір жарасынан өлген малдар көмілген. Бірақ бұл дерек 2015 жылы ғана жарияланыпты. Содан соң ғана тас қоршау орнатылған. Ал 10 жыл бұрын бұл аумақта жаппай жеке тұрғын үйлер салына бастады. Тіпті инфрақұрылыммен қамту жобасы да дайындалған. Кейін таяу тұста ауру малдың қорымы бар екендігі мәлім болған соң оның бәріне тыйым салынды.
Сәбит Бірімбаев, Заречный ауылының тұрғыны:
- Су жоқ, газ жоқ. Мына жарықты өзіміз өткіздік. Осы маңайда газды бәріне өткізді, бізге болмайды дейді.
Күнтай Нұғыманова, Заречный ауылының тұрғыны:
- Бізге автобус жүрмей жатыр. Соңғы аялдамаға дейін жаяу барамыз.
Қарапайым халық қайтпек? Суды тасып ішеді, лажсыздықтан ұңғыма қазып алғандар да бар. Оның суы қаншалықты сапалы екендігін біліп жатқан ешкім жоқ. Түрлі аурудың жиілеп кеткендігін жергілікті тұрғындар сол ауызсудан көреді.
Зәуре Бірімбаева, Заречный ауылының тұрғыны:
- Барлық бала ауырып жатыр. Қайта-қайта ауырып, ауруханадан шықпайды. Іш құрылыстағы ауру осы ауызсудан.
Ауыл әкімі ветеринарлық талап бойынша сібір жарасы көмілген жерден бір шақырым аумаққа дейін ешқандай құрылыс жүргізуге болмайтындығын айтады. 10 жыл бұрын жеке адамдарға жер телімдерін үлестіргенде жергілікті билік сол маңда ондай қорым бар екендігінен бейхабар болыпты.
Қалыбек Жұмашев, Заречный ауылының әкімі:
- Зерттеп қарау керек. Біз құрылыс жағынан ешқандай әрекет жасауға болмайды деп қойып отырмыз. Жоба бойынша біз өткізейін дегенде рұқсат бермеді. Енді осы жағын қарастырамыз.
Осылайша қауіпті қоныстағы тұрғындардың жағдайы түйінді күйде қалып отыр. Бұрынғы кеткен қателіктің салдарынан қазір билік те шарасыз.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг