Қарағанды облысының қыз-келіншектері 10 мың литр қымыз пісіп, әлемдік рекорд орнатты
Тарихи сәтті тіркеу үшін Гиннестің рекордтар кітабының Кубадағы өкілі Юделькис Диас елімізге арнайы келген. Игі шара Жаңарқа ауданының 90 жылдығына және сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Бұл күні әлемдік рекорд орнату үшін 14 елді мекеннен мың келіншек жиналды. Ақ жаулық жамылған аналарымыз 10 тонна қымызды мың күбіге құйып, бір мезетте пісті. «Кез келген қымыздың дәмді болуы ең әуелі баптауына байланысты», – дейді Көктау ауылынан келген Назым Исина.
Назым Исина, Көктау ауылының тұрғыны:
- Қымыздың дәмді болуы күбіге байланысты. Таза болып, қайыңмен ыстау керек. Сосын пісуге, шөпке де байланысты. Көбірек піссеңіз, қымыз да дәмді болады. Кейбір қымыздар жеріне, құнарына байланысты қою болса, кейбірі сұйық, көкшіл болып келеді.
Тарихи сәтті Гиннестің рекордтар кітабына тіркеу үшін Кубадан аталған ұйымның өкілі Юделькис Диас арнайы келген. Ол аралап жүріп тексеріп, әлемдік рекорд орнатылғанын ресми растады. Осылайша аудан әкіміне сертификат табыстады.
«Жалпы бұл шара Жаңарқа ауданында қымызбен, саумалмен емдейтін санаторий салуға инвестор тарту үшін жасалған. Мақсатымыз – Сарыарқаның сары қымызын жалпақ әлемге паш етіп, ұлттық брендке айналдыру», – дейді ұйымдастырушылар.
Юделькис Диас, Гиннес рекордтар кітабының өкілі:
- Мұндай рекорд әлемде алғаш рет тіркеліп отыр. Өте әдемі, алған әсерім керемет. Енді нәтижесі бір ай ішінде біздің сайтта жарияланады. Барлығын тексердім, рекорд орнатылғанын растаймын.
Игі шараны тамашалауға келген халық санында есеп жоқ. Бұл күні осы өңірдің тумасы, сұңқар ақын Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығы да кең көлемде аталып өтті. Ұрпақтары Алаш ардақтысына арнап ескерткіш қойып, саябақ салған. 240 түп ағаш егіпті.
София Сейффуллина, С.Сейфуллиннің немере қарындасы:
- Осы Жаңарқа еліне, туыстарыма өте ризамын. Ескерткіште Сәкен Сейфуллин өте ұқсап тұр. Саябағы да керемет. Жігіттер көп еңбек жасады.
Мерекеде жас ақын-жазушылар арасында өткен мүшайра жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ жұрт палуандар күресі мен аламан бәйгені тамашалады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин