Президент егін ору науқанымен танысты
Күздің алғашқы айының орта белінде алқаптардың басым бөлігі орылып, қамбалар бидайға толды. Күзгі науқанның алдын ала есебін Президент Ақордада отырып күтпей, шаруаларды еңбегінен үзбей, егістікке өзі барды. Диқандармен ашық-жарқын әңгімелесіп, саланың жай-күйін басшылардан емес, қарапайым жұмыскерлерден сұрап білді.
Тап-тұйнақтай көшесі, тастай шаруашылығы – Жақсының Президенттің келуіне дайындығы емес, қалыпты тұрмысы. Президент барған ат шаптырым алқап та толық цифрландырылып, тәртіпке келтірілген. 17 мың гектарға егілген бидай мен арпаның сапасы да, өнімі де жоғары.
Жұмыстың өнімділігі жұмыскердің тоқ көңіліне байлаулы. Сондықтан Президент саланың түйінін басшылардан емес, еңбек адамдарынан сұрады.
Жақсы екенінің дәлелі «Айбат» қожалығында 95 адам нәпақа тауып жүр. Кәсіпорын егінге ғана қарап отырған жоқ. Қосымша ұсақ шаруашылықтарға техникалық көмек көрсетіп, ет-сүт өндіреді.
Ершат Беков, «Айбат» шаруашылығының директоры:
- Ет пен сүтті Ақмола облысына жібереміз. Ет шұжық болып аудан, Ақмола, Қарағанды облысы бойынша сатылады.
Қожалық жұмыскерінің орташа табысы 190 мың теңге. Жақсының шаруалары жоғары жалақыны жұмыстың өнімділігімен тауып отыр. Өнімділік ендігі жерде ауыл шаруашылығы саласының негізгі сапа көрсеткіші болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде басқа көрші мемлекеттермен салыстырғанда, біз субсидия көп береміз. Ең үлкен міәселе, осы субсидиялар тиімді жұмсалуы керек.
Мемлекет тек нәтиже көрсеткен шаруаға көмек қолын созады. Ауыл шаруашылығының міндеттерін Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында тарқатып айтты. Соның бірі – өнімділікті арттыру арқылы салаға инвестиция тарту. Шағын ғана Жақсының астық қоймасына 9 млрд теңгеге жуық жеке қаражат құйылған.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Шикізатты өңдеп, дайын өнім шығару. Бұл – шаруалардың үлкен міндеті. Осы міндетті мүлтіксіз орындап отырған Жақсының астық қоймасы күніне 30 тонна 9 түрлі жарма шығарады. Дайын өнімді дүкен сөрелерінен табуға болады. Жақын болашақта Жақсының «өте жақсы» өнімінің дәмін Қытай мен ТМД-ның тұтынушылары татады.
Элеватордың тәулігіне 520 тонна ұн, 240 тонна құрама жем шығаратын қуаты бар. Бір мезгілде 300 мың тонна астық сақтауға болады. Жабдығы озық, сондықтан өнімнің сапасы да Президент дастарханына қоюға тұрарлық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздердің кәсіпорын туралы көп естідім. Жұмыс істеп жүрсіздер. Нәтижеге көңіл тояды. Бір жерде табанды еңбектеніп, үлкен жетістікке қол жеткіздіңіздер.Табыс тілеймін.
Мемлекет басшысының жоғары бағасына ие болу – ең жақсы жарнама. Өнімің Президенттің дастарханына жетсін десең, Жақсыдан үлгі ал. Бизнес субсидияға сұқтанбай, керісінше елге жұғымды болуы тиіс. Үлгі – тағы да Жақсының жомарттары. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде салынған ауылдың спорт мектебіне республикамыздың түкпір-түкпірінен бала келіп оқиды.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Шағын ғана ауыл бір күнге болса да Мемлекет басшысы деңгейіндегі үлкен саяси оқиғаның орталығына айналды. Бірақ жақсылықтар мұндай абыройдың құнын жақсы біледі. Адал еңбек – Президенттен «өте жақсы» деген баға алудың жалғыз жолы.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айдос Меделбеков, Айдос Серікболұлы