Ақтөбедегі жаңа өткел маңынан тұрғындар жаппай көшуде
Қаланың екі ауданын теміржолдың үсті арқылы байланыстыратын көпірдің ашылғанына 4 күн болды. «Алайда осы уақыттың өзінде бірнеше рет жол-көлік оқиғасы тіркелді», – дейді. Нысанға жақын орналасқан үй тұрғындары көліктердің төбелерінен жүруінен қорқуда.
Жаңа байланыс торабының құрылысына бюджеттен 2 млрд 680 млн теңге бөлінген. Жоба бойынша осы маңдағы ескі көпірді қиратып, орнына жаңадан екеуі тұрғызылуы тиіс. Сәйкесінше 2 жолақтың орнына 4 жолақты өткел пайда болады. Өткен сенбі күні жұмыс бел ортаға жетіп, көпірдің бірі қолданысқа берілді.
Соңғы бірнеше ай бойы жабық тұрған өткелдің ашылуына қуанған жүргізушілердің көңілі су сепкендей басылды. Алғашқы күні-ақ жолдың тым тар екені белгілі болды. Тіпті ірі көлемді қоғамдық көліктердің бір мезгілде өтуі мұң. Жолаушылар тасымалын жүзеге асырып отырған мекеме өкілдері: «Бұл жайтты жергілікті билікке де, жоба авторларына да жеткіздік», – дейді.
Ақарыс Тілеулесов, жолаушылар тасымалдаушы компания директоры:
- Кім қабылдап, кім есеп жасағанын білмеймін. Қазір көліктер екі бағытта қозғалып жатыр. Екі бағытта біздің ұзындығы кемінде 12 метрдей болатын автобустар қарсы келген автокөліктермен сыймай қалып жатыр. 3-4 күндей болды ашылғанына, 2-3 жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатыр.
Ал тұрғындардың үрейін тудырып отырған мәселе – көпірдің еңістікке қарай 90 градусқа шорт бұрылуы. «Екпіндеп келген көліктер қар жауып, мұздақ басқан сәтте, қарсы тұрған баспанаға бір-ақ қарғуы мүмкін», – дейді.
Амантай Бекжігітов, Ақтөбе қаласы тұрғыны:
- Істі аяғына дейін апармайтыны қынжылтады. Осы жерде жақын тұрған көршілер, тұрғындар қауіпсіздік жағдайынан, басқа да жол ережелерінен болсын әсерін тигізуде.
Ақтөбеліктердің бұл уәжімен қалалық ТКШ бөлімі өкілдері келіспей отыр. «Қыс мезгілінде жауған қарды дер кезінде тазалап, асфальт бетіндегі мұзды ойып отырамыз», – деп сендірді. Ал жол бойына сыймай, көліктердің бірін-бірі сүзуіне жүргізушілерді кінәлап отыр.
Наваи Әмірбеков, Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімінің инспекторы:
- Бұрылыстың ені 10,5 метр, ал мына көпірдің үстіндегі ені 9,4 метрді құрайды. Бұл өткелдің жылдамдық режимі сағатына 20 км болады.
Сағатына 20 шақырым жылдамдықпен ғана жүруге рұқсат етілген деген белгінің бар екені рас. Алайда бұл ескертуге құлақ асып жатқандар аз. Әзірге тәулігіне 12 мыңнан астам көлік өтетін жол торабында екінші көпір тапсырылған соң жүйткіген автомобиль саны екі есе артады. Сондықтан бұл жайтты естіген көпір көршілері баспаналарын жаппай сатылымға шығарған.
Авторлары: Мансұр Есқодин, Айнадин Молдабеков