Жол сапасы қашан жақсарады?
Онда 30 жыл бойы назардан тыс қалған 28 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайтындықтарын жеткізген. Тіпті «басы бар жұмыс аяқсыз қала ма?» деп қауіптенеді.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Келдімұрат ауылының тұрғындары алаңдап, бейнетаспа жасаған жер міне, осы. 100 метр жердің асфальт жабындысы қопарылып, қайтадан сапасыз күйге түсті деген әңгіменің төркіні мынада жатыр. Мердігерлер жол салу барысында бұл жердің негіздемесінің былқылдақ топырақ екенін анықтаған. Сондықтан олар қайтадан 1 метр жерге дейін қазып, қиыршық тас төсеген. Енді мұндай кемшілік болмайды деп сендіріп отыр.
Келдімұрат ауылы мен үлкен тас жолды жалғайтын 28 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 541 млн теңге бөлінген. Байқау жеңімпазы тамыздың аяғында анықталып, жұмыстар өткен айдың 30-ында ғана басталған. 15 күн ішінде 9 шақырым жол жасалыпты. Ауыл тұрғындарымен арнайы кездескен мердігер мекеме өкілдері көкейде жүрген көптеген түйткілді сұраққа жауап берді.
Талғат Байдельдинов, мердігер мекеме өкілі:
- Келісімшарт бойынша 30 қазанға дейін бітіруіміз керек. Бірақ біз оны қазанның 10-ына дейін бітірейік деп отырмыз. 9 шақырым жасадық, қалған 20 шақырымды бір айда бітіріп қаламыз. 2 жыл кепілдік бар, сол кепілдікті де біз атқарамыз.
Құдайберген Төлеубайұлы, ауыл тұрғыны:
- Басында халқымыз алаңдады. Бұл асфальт қашан бітеді, біте ме, бітпей ме деген қауіп төніп, барлығы осындай ойға түсті. Енді қазір бітетініне толық сенім білдіріп отырмыз.
Ауданда асфальт шығаратын зауыт бар, ол күніне 800 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Мердігерлер жұмысшы күші де, техника да жеткілікті екенін айтып, күніне бір шақырымнан астам жол жөндеуге шамамыз жетеді деп отыр.
Серік Тілемісов, Үржар аудандық жолаушылар көлігі және АЖ бөлімінің жетекшісі:
- Мәселенің барлығын қатаң бақылауға алып отырмыз. Асфальттың сапасы мың тонна шығарған сайын тиісті зертханамен тексеріліп отыр. Оның құрамы жақсы деп санаймын. Халықтың игілігіне беруге асығудамыз, 20 қазанға дейін жол бітеді деп сенеміз.
Жалпы ауданда мың шақырымға жуық жол бар. Оның 277-сі республикалық, 200-ден астамы облыстық маңызға ие. Ал қалған 484 шақырым жергілікті жолдарға жатады. Жоспар бойынша, биыл жыл соңына дейін 54 шақырым жол жөнделіп бітуі тиіс.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы