«Тайсойған» әскери полигоны ауыл шаруашылығына берілді
Бүгінде құм ішіндегі құнарлы 624 мың гектар жер төрт түлікке толып келеді. Бұған дейін қыстақтары мен жер телімдерін заңдастыра алмай келген шаруалар үлкен үміт үстінде. Өйткені олар енді мемлекет қолдауымен кәсіптерін кеңейтпек.
Шаруа Бақтыбай Нұрниязовтың бағымында бүгінде 300-ден астам ұсақ мал мен 60-тан астам сиыр және екі үйір жылқы бар. Ата кәсіптен қол үзбеген азамат бұған дейін «Тайсойған» полигонын заңсыз жайлап келген еді. Енді құжаттарын алып, қалыпты тірлік бастағалы отыр.
Бақтыбай Нұрниязов, жеке шаруа:
- Биыл заңдастырып, қолымызға құжаттарымызды алып жатырмыз. Жері шүйгін қай мал ұстауға да ыңғайлы. Біздегі басты мәселе – малдың қысқы азығы. Соған байланысты Үкімет бағдарламасы бойынша субсидия берілсе жақсы болар еді.
Өткен екі жылда Тайсойған өңірінде жаңадан 24 шаруа қожалығы құрылды. Олардың алды қазір жерлерін заңдастырып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болуда.
Әділет Шаймардан, Тайсойған ауылының әкімі:
- Оның ішінде асыл тұқымды мал, құдық қаздыру, күн электр стансаларын алуға қожалықтар жұмыстанып, құжаттарын тапсырып жатыр.
Әдетте құмның құдықтары сулы болғанымен, құлауық келеді. Бұл мыңғырған малға нәр беретін су көздерінің құмығып қалуына әкеліп соғады екен.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Осы қазір пайдаланып жүрген құдықтардың шегендеріне де сол зымыранның тұмсықтарын пайдаланған. Сондай құдықтардың бірі – Алтықұлақтағы құдық.
Бүгінде Тайсойған өңірінде Ресейге қарасты әлі де 125 мың гектардай жер қалып отыр. Олар үкіметаралық келісім негізінде кезең-кезеңімен қайтарылатын болады. Сол кезде құнарлы өңірде тағы ондаған шаруашалық ашылып, малшылардың әлеуеті артары анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов