Алматы облысында электр энергиясы тапшы
Сол себепті электр қуатының тарифі өте жоғары болып тұр. Жергілікті тұрғындармен қатар өндірістік кәсіпорындар да қымбатшылықты қатты сезінуде.
Талдықорған қаласының тұрғыны, зейнеткер Тамара Смирнова 80 жасында электр қуатын барынша үнемдеуді үйреніп жүр. Өйткені зейнетақысының басым бөлігін дәрі-дәрмек сатып алып, коммуналдық төлемдерді өтеуге жұмсайды екен.
Тамара Смирнова, зейнеткер:
- Әсіресе электр қуатын қатты үнемдеуге тура келеді. Өйткені біз үшін оның бағасы өте қымбат болып тұр. Теледидарды өте сирек қосамын. Асты тоқпен емес, газбен жасаймын. Қысқа толқынды пеш дегенді мүлдем қоспаймын. Осының бәрін электр қуатына алынатын төлемнің арзандау шығуы үшін жасап жүрген жайым бар.
Алматы облысы – еліміз бойынша электр қуаты ең қымбат өңірдің бірі. Әр киловаты 17 теңгеден басталады. Жетісу жерінде қазір 2 млрд киловатт сағаттан астам электр қуаты өндіріледі. Бұл тұтынылатын жалпы көлемнің 57% ғана құрайды. Қалғанын сыртқы қуат көздерінен сатып алуға мәжбүр. Ол өз кезегінде жергілікті тұрғындармен қатар кәсіпорындар үшін де біршама қиындық туғызуда.
Баниямин Файзулин, кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы:
- Әсіресе индустриалды аймақтарымыз электр энергиясының тапшылығын тартып отыр. Ол қуаттылықты арттыруға кері әсер етеді. Біз электр қуатын көршілес Жамбыл облысынан сатып аламыз. Ол өте қымбатқа түсіп отыр. Тапшылық жойылса, өңірдегі өндіріс ошақтары қазіргіден де қарқынды дамитын еді.
Облыс энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін баламалы қуат көзін өндіру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Мәселен, бүгінде Сарқан ауданында 5 кіші су электр станциясы жұмыс істеп тұр. Сол себепті онда электр қуатына деген тәуелділік аса байқалмайды. Сарқан жерінде алдағы үш жылда осындай үш ГЭС салынады. Жетісу өңірінде «Жасыл энергетиканы» дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама әзірленіп, қабылданғанын айта кетейік. Облыс бойынша бүгінде баламалы қуат көзін өндіретін 23 нысан іске қосылған.
Баян Кешуова, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы:
- Алматы облысының жаңартылатын энергия көздерін дамытудың 2017-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 80 объектіні іске енгізу жоспарлануда. Ағымдағы жылы Қапшағай қаласында екі шағын жел станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылуы төртінші тоқсанға жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қазақстанда жалпы қуаты 100 МВт болатын күн электр станциясы пайдалануға берілді.
Мамандардың пікірінше, Жетісу жері өңірдегі баламалы қуат көзін өндіретін нысандардың үлесі 60% дейін өскенде энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді. Ол қазір 16% көрсеткіштен аса алмай тұр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов