Президенттіктің 100 күні барысында атқарылған іс-шара талданды
Халық алдында ант берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметтегі алғашқы 100 күні күдік, үміт және әлеуметтік оптимизм кезеңі болды. Саясаттанушылар Қазақстан басшысының алғашқы белесін осылай сипаттады.
Осы аталған уақытта 4 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 1400-і орындалды, 2600-і бойынша құзырлы органдарға тапсырма жүктелді. Жарты миллионнан астам азаматтың несиелік қарызы кешірілді. Апатты Арыс толық жөнделді. Президенттің жастар кадрлік резервіне 4700 жас маман тіркелді. Имидждік іс-шаралар қысқартылып, бюджет 340 млрд теңгеге үнемделді. Бұл – Президент жүз күндігін сипаттайтын сандар. Президент барлық саяси шешімді қоғамның сұранысына сай жедел қабылдап отырды.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Үміт, күдік, сонымен бірге әлеуметтік оптимизм кезеңі болды деуге барлық негіз бар. Өйткені шынын айту керек, өте күрделі, қиын, сонымен бірге сындарлы кезең болды.
Сындарлы болатыны: жаңа билікке 100 күнде жылдар бойы қордаланған мәселелерді жедел шешуге тура келді. Әлеуметтік мәселелер, қоғамдық толқулар, барлығы мүлдем жаңаша қадамдарды талап етті.
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
- Осы президенттік сайлауда электорат 2 млн жас сайлаушыға толықты. Ал бұл топ биліктен мүлдем басқаша коммуникацияны талап етеді. Әлеуметтік желіде белсенді жастар жедел шешім күтеді. Президенттің сайлауалды платформасы мен халыққа жолдауы осы трендтерді кеңінен қолдайтынын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі шендіні бірден әлеуметтік желіге байлады. Әкімдер мен министрлер мекемелерінен виртуалды әлемнің ашық алаңына түсті. Мемлекет басшысы «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидатын қалыптастырды.
Эдуард Соловьев, Ресей Ғылым академиясы Әлемдік экономика, халықаралық қатынастар орталығы жетекшісі:
- Бұл сұраныстар – уақыт талабы. Президент Қ.Тоқаевтың осы сұраныстарды сезіп, оны қанағаттандыру үшін батыл шешімдер қабылдауы оның үлкен саясаткерлік қырын көрсетеді. Мемлекет басшысы тек Қазақстанның ішіндегі саяси тенденцияларды емес, жаһандық саяси коммуникация дағдарысын жақсы сезініп, ел ішіндегі ахуалды оң бағытта дамытуға дөп шешімдер қабылдап жатыр деуге болады.
Өлшеп пішкен тон келте болмас. Президент ел ішіндегі өзекті мәселелерді ушықтырмай тез шешу үшін қоғамдық кеңес шақырып, оған өзі төрағалық етті. Көпшілік әдетте жыл соңында не жыл басында күтетін президенттік жолдау да уақыт оздырмай жүз күннің ішінде жарияланды. Мемлекет басшысы тұңғыш жолдауында елдің экономикалық, саяси стратегиясын бекітіп, онда қазақ тілінің қоғамдағы рөлі, қазақтың мемлекет құраушы ұл ретіндегі мәртебесі туралы айтты.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Егер мемлекет басшылығы өзіміздің ана тілімізде сөйлеп, ана тілін халықаралық деңгейге немесе дипломатиялық деңгейге өсіретін болса, онда, әрине, қазақ тіліне деген халықтың, басқа ұлттардың көзқарасы өзгереді.
Қытай сынды алып елге арнайы барып тұрып, білсе де, бір ауыз қытайша тіл қатпай, Президентіміздің төрде тұрып қазақша көсілуі де көп нәрсені аңғартады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүз күндік белесі билік транзитінің жолайрығында туындаған көп күдіктің бір нүктесін қойды.
Авторы: Азамат Алдоңғаров, Мейрамбек Ақмаханов