Өскеменде жанармай құю бекеті көппәтерлі үй ауласына салынғалы жатыр
Өскемендегі көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп наразылық білдіріп жатыр. Қаладағы кәсіпкердің бірі орталық даңғылдың бойындағы көпқабатты үйлердің арасындағы алаңға жанармай стансасын салып жатыр. Одан қауіптенген тұрғындар қала билігі мен құзырлы органдардан кәсіпкердің рұқсатты қалай алғанына аң-таң.
Жанармай құю бекеті Зинаида Пастух тұратын үйдің дәл іргесінде салынып жатыр. Зейнеткердің айтуынша, нысанның іргетасы қаланғанда-ақ сол маңдағы тұрғындардың бәрі жиналып, атқарушы билікке шағым түсірген. Алайда құзырлы органдардан ешқандай жауап болмаған. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы.
Зинаида Пастух, зейнеткер:
- Жанармай құю бекетінің дәл үй іргесінде орналасқаны өте қауіпті. Осыны барлығымыз уайымдап жүрміз. Өткенде құрылыс жүргізіп жатқандардан бір адам келді, бірақ бізге ешқандай құжат көрсетпеді.
Жаңа бекет салынып жатқан жерде бірнеше көпқабатты үй бар. Нысан мен үйдің арасы – таяқ тастам жер. Кәсіпкер бастапқыда тұрғындарға мейрамхана салатынын айтқан.
Гүлжазира Үсенова, қала тұрғыны:
- Біз қарсымыз. 2016 жылдан бастап құжат жинаған, бірақ біз білмедік. Ал басында ойын-сауық орталығы, қонақүй болатындығын айтты. Соңында жанармай құю стансасын салып жатыр.
Бензин бизнесін жүргізбек кәсіпкердің өз уәжі бар. Ол құзырлы органдардан рұқсаты бар екенін және құрылыс барлық талапқа сай салынып жатқанын алға тартып отыр.
Қайрат Жүнісбаев, мердігер компания өкілі:
- Тұрғындармен келіспейміз. Біз тиісті органдардан бүкіл рұқсат қағазды алғанбыз. Құжаттың барлығы бар. Сондықтан заңсыз емес.
Жалпы қалада көпқабатты үйлер мен халық көп шоғырланған жерге мұндай қауіпті нысанның салынуын облыс әкімі де құптап отырған жоқ.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Өскеменнің ең жақсы көшелерін жанармай құю стансасына айналдырмау керек. Бұған кім рұқсат бергенін анықтауды тапсырамын. Көше өтуге арналған, ал қосымша қызмет көрсететін инфрақұрылым қаланың басқа бөліктерінде болу керек. Сонда көшеде көлік кептелісі де болмайды.
Өскемен қалалық әкімдігінде жаңадан салынып жатқан жанармай бекеті құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Ал пайдаға берілуге жақын қалған май құю стансасының иесі кәсібін тоқтатады дегенге тұрғындар сенбей отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин