Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай форум өтті
Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам ақын-жазушы қатысты. Жиында олар «Поэзия жанрындағы шығармалар халықаралық сайттарда жарық көрсе екен» деген тілектерін білдірді. «Қаламгерлер мен халық арасындағы қарым-қатынас артса, бірқатар күрмеу тарқатылар еді», – дейді шараға қатысушылар.
Исраил Сапарбай, ақын, драматург:
- Шығармашыл адам мен халық арасында жіпсіз байланыс болу керек. Ол екі арада байланыс болмаса, екеуі екі жақта қалады.
Бұл бағытта Қарағанды облысының әкімдігі ақын-жазушыларға қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өңірде жергілікті қаламгерлердің 3 тілге аударылған антологиясы әзірленді. Жазушылар одағының облыстық кеңесіне арнайы ғимарат та берілді. Ендігі кезек – қажырлы еңбекте.
Абзал Нүкенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Жас ақын-жазушылар оқырман сұранысына сай жастар және балалар қызығып, іздеп оқитындай туындыларды дүниеге әкелу керек деп ойлаймын. Бұл, жас қаламгерлер, сіздердің алдарыңызда тұрған басты міндет деп санаймын. Иә, тәуелсіздік алғаннан бері еліміз талай экономикалық жетістіктерге жетті. Қазір біз сол қарқынды мәдениет пен өнерде де көрсетуіміз қажет.
Форум барысында мүшелікке тағы 4 адам қабылданды. Жиын «Қазіргі заман қазақ әдебиетінің бет-бейнесі және рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысымен жалғасты. Бұдан бөлек түрлі семинар-тренигтер де ұйымдастырылды.
Авторы: Самат Қайырденұлы