Атырауда 71 баспана апаттық жағдайда тұр
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған баспаналардың тозғаны соншалық, қабырғалары қақырап, төбелері жарылып кеткен. Өкінішке қарай, ондай үйлер саны мұнайлы өңірде өте көп.
Дружба көшесіндегі 14-ші үйдің қақыраған қабырғалары арасындағы саңылаудың үлкендігі сондай, бөлмелердегі бар тірлік алақандағыдай анық көрінеді.
Облыс орталығында апатты жағдайда тұрған осындай 71 үй бар екен. Басқа барар жерлері жоқ тұрғындар тозығы жеткен қирандыларды мекен етуде. Олар: «Бір күні төбе түсіп кетсе, бала-шағамыз астында қала ма?», – деп қорқады.
Елена Қуанышева, апатты үйдің тұрғыны:
- Екі жол бойы қалалық, облыстық әкімдіктерде ашпаған есігіміз қалмады. Бірақ еш қайран жоқ. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер түнде төбе түсіп кетсе, не болмақ?
Бұл жағдайдан жергілікті билік жақсы хабардар. Тіпті кешенді бағдарлама да түзген.
Рафхат Жолдиев, қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі:
- Осы үйлерді көшіру үшін тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз жекеменшік әріптестік серіктестігі негізінде кәсіпкерлерге осы үйлердің орнына үй салуға мүмкіндік береміз.
Атырау қаласы бойынша осындай тозығы жеткен үйлерді көшіру жоспары 2014 жылдан бері жүргізіліп келеді екен. Осы уақыт ішінде 347 пәтерлік 18 көпқабатты үй пайдалануға беріліпті. Бірақ былтырдан бері қарай оң үрдіс тоқтап қалыпты. Біздің түсіру тобымыздың араласқанын білген жергілікті билік қозғала бастаған сыңайлы. Апатты үйлердегі тұрғындарды шұғыл көшіру туралы арнайы комиссия құрылыпты. Олар барлық жағдайды екшеп, өз қорытындыларын айтатын болады. Алайда оның қаншаға созылатынын тап басып ешкім айтқан жоқ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев