Жыл соңына дейін 8 мың көпбалалы отбасы пәтер алады
Бұл туралы Үкіметте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Жергілікті әкімдіктердің тізімінде тұрған азаматтар енді өзін ғана емес, көршісінің де кезегінің жылжығанын бақылай алады. «Тіпті көпбалалы отбасы болса да, ешкім ешкімнің алдына түсе алмайды», – деді вице-министр. Ал олар үшін Үкіметтің жағымды жаңалығы бар. Жыл соңына дейін бұл топқа 8 мың жалдамалы пәтер беріледі. Жыл сайын кемі 6 мың баспана тапсырылып, 2025 жылға дейін 40 мың отбасы баспана алуы тиіс.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі:
- Қазір азаматтар тек өзінің кезек санын ғана көре алады. Өзінен ілгері немесе кейін кімдердің тұрғаны, олардың кезегі қалай жылжығаны туралы ақпарат жабық. Енді біз кезекті толық ашық қылмақпыз. Кімнің реті қалай жылжығаны, неліктен жылжығаны туралы толық ақпарат шығып тұрады. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.