Ақтөбе облысының әкімі әлеуметтік нысандарды аралады
Өңір басшысы Оңдасын Оразалин жауапты тұлғаларға бұл жайтты қатаң бақылауға алып, шаһарды тұрмыстық қалдықтардан дереу тазартуды тапсырды.
Облыс әкімі әлеуметтік желілер мен қоғамда қызу талқыға түскен бірнеше нысанда болып, халықты толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Көпқабатты үйлердің маңын мұнтаздай таза ұстау жүктелген компаниялардың қызметі қазір сынға ұшырап отыр. Бірі жұмысын тоқтатса, қалғандары қоқысты дер кезінде полигонға жеткізбейді. Осыған орай қала басшылығы қосымша күш жұмылдыруды шешкен. Аулаларда орналасқан жәшіктер санын тағы 500-ге арттыруды жоспарлап отыр.
Мавр Абдуллин, Ақтөбе қаласының әкімі:
- 7 техника және қосымша бір мобильдік топ осы аумақтағы жұмысқа кірісіп жатыр. Одан тыс біз құрылысшылармен, кәсіпкерлермен келісіп 4 мобильдік топ құрдық. Ол жерде 3 жүк көлігі, 1 жүк тиегіш көмек беріп жатыр.
Теміржол үстінен өтетін жаңа өткел жобасының айналасында да сұрақтар көп. Осыған орай өңір басшысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Қосымша көпір салынған соң автокөліктер екі бағытта да еркін қозғалатын болады. Екі жолақты ескі жол торабының орнына қосымша тағы бір көпір орнату – заман талабы. Себебі шаһарда құрылыс қарқын алып, тұрғындар саны артуда. Сәйкесінше сапалы баспанамен қатар халыққа жайлы тұрғын үй кешендеріне сұраныс болады.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Қазір қалалар бір орталыққа шоғырландыру жүйесінен бас тартуда. Халықтың өмір сүруі үшін жайлы жағдай жасалуы тиіс. Тек орталық көшелерде ғана емес, шаһардың кез келген ауданында тиісті жүйе қалыптасып, заманауи талаптарға сай болуы керек.
Осыған орай көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан компаниялар балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік нысандарға да көңіл бөлінуі тиіс. Бастысы ғимараттар бір-бірімен үйлесім тауып, инфрақұрылымға сай болуы қажет.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев