ШҚО-да Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық шаралары басталды
Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың осы өңірге сапары барысында айтылды. Вице-премьер алдымен Семей қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, халықпен кездесті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айтылған басым бағыттар әңгімеленіп, келер жылғы қазақтың бас ақынының 175 жылдық тойына дайындық жайы сөз болды. Бердібек Сапарбаев Абай ауданында болып, ақынның ұрпақтары және ауыл ақсақалдарымен кездесіп, атқарылар шаралар барысын пысықтады. Жидебайда өткен басқосуда хакім Абайдың мұраларын ұрпақ жадында қалдырып, шет елдерге де насихаттау жоспары айқындалды.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Жоспардың бірі – Құнанбай атамыздың музейі. Сонымен қатар келер ұрпаққа мұра болып қалатындай ауқымды шараларды қарастырып жатырмыз.
Құсман Берлешов, Абайдың ұрпағы:
- Кең көлемді шаралар ұйымдастырғалы жатыр екен. Бабаның басынан бастап айтар болсақ, төсеніштер салу, музейдің ішін және жолдарды жөндету, абаттандыру сынды шаралар қолға алынады. Осының бәрі адамның көңіліне қуаныш ұялатады. Ұрпағы есебінде менің қуанышымда шек жоқ. Бұл – келешекке қалатын із, мұра.