Елордада жаңа драма театры салынып жатыр
Өнер ордасы орналасатын аумақ 6 гектар жерді алып жатыр. Театрдың үлкен залы 640, кіші залы 202 адамға арналған. Үш қабатты ғимарат ең сапалы, ең әдемі әйнекпен, ақ мәрмәрмен қапталады.
Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаевқа жаңа театрдың құрылысын ерекше ықыласпен таныстырып жатыр. Себебі өнер ұжымы жаңа театрды көп күтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ғимараттың жобасын өзі қолдаған және бекіткен. Ал өнер ордасының құрылыс барысы бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
- Бұл енді тек қана театр ұжымына ғана емес, елорданың халқына, әсіресе өнер сүйетін астананың тұрғындарына қуаныш сыйлайтынына ешқандай күмән жоқ. Сондықтан мұны Елбасының, Президентіміздің өнерге құрметі, өнерді қолдауы деп қабылдауымыз керек.
Жаңа театрдың аумағы – 6 гектар. Үлкен залы 640, кіші залы 202 адамға арналған. Әр актердің жеке киінетін, боянатын, демалатын бөлмесі болады. 3 қабатты ғимарат ақ мәрмәрмен қапталады. Жан-жағы әсем гүлдермен, жайқалған ағаштармен көркемделеді. Қазір бұл құрылыста 300-дей адам күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Мирко Горник, құрылыс директоры:
- Бұл бірегей театр болады. Барлық құрылыс материалын шетелден алдырдық. Жаңа жылға дейін ғимаратты қалап бітеміз, сосын ішкі жұмыстарына кірісеміз.
Қазіргі Қаллеки театры 1991 жылы ашылған. Сахнасы да, көрермен отыратын залы да тар. Десе де, мұнда қазақ театр әлемінің қайталанбас тұлғалары Жақып Омаров, Әзірбайжан Мәмбетовтің ізі қалды. 28 жылда көрермен көзайымына айналған спектакльдермен репертуары байыды. Бүгінде осы жерде ел құрметіне бөленген, біраз биікті бағындырған 60-қа жуық актер қызмет етеді. Келесі жылы есігін ашатын жаңа театр оларды қанаттандыратыны сөзсіз.
Сырым Қашқабаев, театр және кино актері:
- Өз басым Алматыда туып-өскеннен кейін Мұхтар Әуезов атындағы театрға, Ғабит Мүсірепов атындағы театрға көзім де, өзім де үйреніп қалған. Қ.Қуанышбаев театрына келген соң: «Бұл қалай болады екен?» – деп көңілім пәс тартып қалғаны рас. Енді мына сәулетті ғимаратқа кіре жатармыз. Қуанышымызда шек жоқ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, мәдениет – ұлттың рухани болмысы, бет-бейнесі, ақыл-ой, парасаты. Ал театр – мәдениеттің басты ошағы һәм ұйытқысы. Келесі жылы шілде айында құрылысы аяқталатын бұл театр астанадағы ең ғажап мәдени ошақтың бірі болмақ.
Авторлары: Мақпал Мадиярова, Ерсін Мұхамбеталин