Заңсыз митингке шыққан әйелдер бас қаладан тегін баспана талап етті
Ата заңымызда сөз бостандығына кепілдік берілген. Бірақ беталды айқайлап, көшеге шығуға, қоғам тыныштығын бұзуға жол жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бейбіт шерулер ұйымдастыруға рұқсат беруді тапсырды. «Егер бейбіт шерулер заң бұзу мен халықтың мазасын алу мақсатында болмаса, арнайы орын ұсынып, митинг өткізуге рұқсат беру керек. Конституцияға сай емес әрекеттер, бұзақылық акциялар заң аясында тоқтатылады», – деп атап өткен болатын.
Тыныштықтың шырақшысы болған қазақтың әйелдері қоғамның шырқын бұзып жатыр. Күнде болмаса да, күнара көшеге шулап шығады. Талабы – бас қаладан тегін баспана алу. «Көмек бермесең, көпірден секіремін» деп қорқытатындар да, «өзін өртеймін» деп өкпе артатындар да көбейді.
Олар шынымен шарасыз ба? «Ана» деген ардақты атты иеленіп жүрген соң, арандатушылыққа да қимаймыз. Осы ретте халықтың пікірі де қақ жарылады. Көпбалалы отбасылардың мұңын мемлекет тыңдап келеді. Көмекті де көбейтті. Бірақ «баспана бер» деп басынатындарға биліктің жауабы мынадай.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Өте мұқтаж азаматтарға демеушілермен көмектесіп жатырмыз. Ал 47 600 адам кезекте тұр. Барлығы өз уақытысымен алулары тиіс.
Мойындау керек, біздің қоғамда масылдық мінез басым болып барады. Атышулы АӘК-ті алайық. Жағдайы жақсы деген 74 мың отбасы осы көмекке ортақтасып, заңсыз ақша алып келген.
Ғалия Жабағина, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
- Осы АӘК-ті алу барысында біздің мамандар тексеріс жүргізді. Соның барысында осы көмекті алып келгендер 3 қабатты үйде тұрып жатқаны анықталды.
Раушан Сәрсенбаева – Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті. Ол көпке топырақ шашудан аулақ. «Бірақ берілген көмекті кәдесіне жаратпайтындар көп», – дейді.
Раушан Сәрсенбаева, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті:
- Алматы қаласы бойынша біз 120 жұмыс орныны ұсындық. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша да еңбек күші жетіспейтін кәсіпорындардың тізімін жасадық. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 16 әйел ғана жазылды. Соның 3-еуі ғана жұмыс істеуге келді.
Бір қызығы, көшеге шығып тегін баспана талап ететіндердің дені тізімді болмай шыққан. Бақыт Назарова – олардың наразылығын қолдамайтындардың бірі. 13 жыл баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасы биыл пәтерлі болды.
Бақыт Назарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Егер мен қазір әлі де кезекте тұрған болсам, мына көшеге шығып, кезексіз баспана талап еткендерге ашуымды білдіретін едім. Мен 13 жыл кезекте тұрдым. Менен де ұзақ тұрғандар бар. Сондықтан тегін әрі тез ешкім ештеңе бере қоймайды, шыдамдылық шыдамдылық керек.
Айтуы айтылып жатыр, тек мәселенің шешімі шеру еместігін естір құлақ табылса.