Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды
Сапар 5 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр. Оның аясында көптеген шет мемлекеттің басшыларымен екіжақты кездесулер өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте америкалық саяси топ өкілдерімен және «Atlantic council» сараптау орталығының мүшелерімен кездесіп жатыр. Маңызды жиындар енді ғана басталды.
Еліміздің БҰҰ-мен байланысы одан әрі тереңдей түспек. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2011-2013 жылдары халықаралық бірлестікте атқарған жоғары лауазымды қызметі, яғни әлемдік қауымдастыққа танымалдылығы игі ықпал етуі тиіс. Президент осы жолғы сессия отырыстарында жаһандық мәселелерді шешуге және Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайына арналған мәлімдемелерін жариялайды. АҚШ-пен әріптестігін арттыру да осы сапардың негізгі мақсаты болмақ. АҚШ-тың қазір әлемдік экономика мен технологиядағы үлесі зор.
Бұл алпауыт мемлекеттен елімізге жалпы сомасы 5,3 млрд доллар инвестиция тартылды. Былтыр оның көлемі 44,7% артқан.
Әлемде инвестициялық бәсекелестік күшейген тұста қарқын төмендемеуі қажет. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық компания басшыларымен арнайы кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бизнес капитандармен болатын жиын Қазақстанға көбірек қаржы тартуды көздейді. Ал трансұлттық кәсіпорындармен тиімді әріптестік орнату шикізаттық емес салалар жұмысын ілгерілетеді. Бұл туралы Президент таяуда америкалық «The Hill» газетінде жариялаған мақаласында тарқатып айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта АҚШ-тан инвестиция тартуға күш салатынын жеткізіп, салықтық және кедендік жеңілдіктерге тоқталған.
Оның сыртында, жалпы 700-ден астам америкалық кәсіпорынмен экономикалық байланыс орнағаны атап өтілді. Мысал ретінде «Астана» халықаралық биржасының акционері атанған NASDAQ және Goldman Sachs компаниялары үлгі етілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының алғашқы күнінде «Atlantic Council» сараптау орталығының өкілдерімен, америкалық саяси және сарапшы топ мүшелерімен кездеседі. Бұл жиынның маңызы ерек болмақ. Себебі сараптау орталығы мен саясаткерлер тобының қазір әлемдік экономикаға ықпалы күшейді. АҚШ кәсіпкерлерінің кез келген мемлекетке инвестиция құймас бұрын ең алдымен «Atlantic Council» орталығымен кеңесуі дәстүрге айналған.
Айта кетейік, БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында тұрақты даму мәселелері бойынша жоғарғы саяси форум мен климат жөніндегі саммит өтеді. Ауқымды жиындар алаңында 200-ге жуық елдің президенті және үкімет басшылары жаңартылған қуат көздерін дамыту мәселесін де талқылайды.
Рауан Мыңбаев тілші:
- Әлемдегі ең ауқатты қалалардың бірі Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының жиыны кедейлікті азайту мен климатты жақсартуға үлес қосуы тиіс. Бұл тұрғыда жаһандық көшбасшылар қандай бастамалар көтереді? Оны алдағы күндері білетін боламыз.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Еділ Ермекбаев, Антон Болтрушевич