Атырау қаласында ірі мұнай-газ операторларының бірлескен форумы өтті
«Жоғары технологиялы жабдықтар өндірісін жолға қою – жергілікті мазмұнды арттырудың бір жолы», – дейді форумға қатысушылар. Осы тұжырымдаманы талқылау үшін Энергетика министрлігінің Қазақстан машина жасаушылар одағының өкілдері, отандық және шетелдік жабдық жасаушылар арнайы шақырылыпты. КПО мен оның Қарашығанақтағы әріптестері қазақстандық мазмұнды арттыруға бағытталған бастамалар мен индустриалды-инновациялық дамуға қатысты мемлекеттік бағдарламаларға әркез қолдау көрсетіп келеді. «Егер бірнеше жыл бұрын жергілікті нарықтан алатын тауарлар тізімі бетон плиталармен, дизельді отынмен шектелсе, қазір технологиялық жағынан барынша күрделі жабдықтар барын көріп отырмыз. Бұл өзгерістер аса маңызды», – дейді инвесторлар.
Марат Кәрімов, КПО компаниясы бас директорының орынбасары:
- Қазіргі таңда Қарашығанақ жобасында қызмет көрсету мен жұмыс жасау салаларында қазақстандық қамтудың деңгейі 70% жетіп отыр. Сондықтан біздің басты назарымыз қазір Қазақстанда шығарылатын тауарларға ауып отыр. Соңғы 3 жылда бұрын шетелден алынатын 22 тауардың түрін біз Қазақстаннан алып отырмыз. Алдағы уақытта тағы 8 тауар түрі Қазақстанда шығарылатын болады.
КПО компаниясы тауарлар сатып алу кезінде жергілікті өнімдердің үлесін арттыру туралы ҚР Энергетика министрлігімен және PSA компаниясымен тиісті келісімге қол қойған. Айта кетерлігі, қазақстандық қамту көрсеткішінің жоғарылауында КПО қабылдаған ерте тендерлер механизмі мен отандық өндірушілердің сертификатталуы оң нәтиже беріп отыр.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Қанат Махмутов