«Шығыс – адалдық алаңы» жобасы бойынша барлық ауданда қоғамдық кеңселер ашылады
Бұл жемқорлықпен күресті күшейтуге де өз септігін тигізеді. Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметов барлық аудан мен қала әкімдеріне Өскемен қаласы әкімдігінің «ашық әкімдік» жобасы негізінде жұмыс істеуді тапсырды.
«Шығыс – адалдық алаңы» жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау орнату. Сонда ғана мемлекеттік қызметтің сапасы артып, бір жүйеге түседі. Ал әрбір адам жемқорлыққа мүлде төзбеушілік танытқан жағдайда ғана іс ілгері жүреді.
Ренат Нәбиев, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Біз осы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Өйткені сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі біздің департаменттің қызметінде тұр.
Халық арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша облыста білім мен денсаулық және құрылыс саласында жемқорлық белең алғаны анықталған. Сондықтан облыс әкімі «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы негізінде әрбір аудан-қалада мемлекеттік қызмет көрсету бойынша арнайы кеңселер ашуды міндеттеді. Бұл «бір терезе» қағидасы секілді халыққа тек электрондық жүйе бойынша ашық қызмет көрсетеді.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Қазір бұл жоба қарқынды іске аспай отыр. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдер бірінші кезекте осы бағыттағы жұмыстардың деңгейін көтеру керек. Ал департамент және басқарма басшылары да міндетті түрде осы жобамен шұғылдануы тиіс.
Бүгінге дейін ШҚО-да 33 фронт-кеңсе ашылды. Болашақта «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы бойынша әрбір елді мекенде қоғамдық қабылдау бөлме болады. Сол арқылы халық өтініш және арыз-шағымын жеткізе алады. Ал әрбір шағым ескерусіз қалмайды. Электронды жүйеде қабылданған құжаттың қаралуы мен оған берілген жауап міндетті түрде тексеріледі.
Авторлары: Олжас Керейхан, Элмира Ахметова, Аслан Төлепов