Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу қажет
Жиында елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту жайы талқыланып, Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Ақтөбе облысының транзиттік-көлік әлеуетін дамытудың жекелеген аспектілеріне назар аударды. Өңірдегі кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Батыс макроаймақтың агроөнеркәсіптік хабын құру мәселесін тілге тиек етті. Отырыс қорытындысы бойынша Елбасы Үкімет пен Ақтөбе облысының әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Бүгінгі Қауіпсіздік Кеңесінде екі мәселені қарайтын боламыз. Бірінші мәселе – ақпараттық қауіпсіздік. Бұл өте маңызды болып отыр. Қазіргі уақытта бұрынғы радио-телевидение, газет-журналдар емес, интернеттің ішінде ақпарат барлығынан көп болып келе жатыр. Бір жағынан, әрине халыққа пайдасы тиюде. Көп мағлұмат береді, оқытады. Екінші жағынан, кейбір келеңсіз, елге зиян келтіретін, елдің ішін бұзатын мәселелер де бар. Сондықтан басқа елдердің жүргізіп жатқан саясатын біз де қолданып, тиісті шаралар қолдануымыз керек. Елдің қауіпсіздігін сақтауымыз керек. Осы мәселені талқылаймыз. Сондай-ақ Ақтөбедегі ахуалды қарайтын боламыз.