Бұқтырма су қоймасында ішек таяқшалары бар екені анықталды
Аймақтағы экологтар бұл мәселеге байланысты бұған дейін ешқандай ресми түсініктеме бермей келген. Дегенмен жергілікті тұрғындар тәуелсіз зертхананың сарапшыларына жүгінген. Нәтижесінде су қоймасынан алынған сынамада ішек таяқшалары қалыпты мөлшерден 70 мың есеге көбейгені анықталды.
Сондай-ақ халық сүңгуір жалдап, су түбіндегі шұрық тесік құбырдан лас заттың төгіліп жатқанын да дәлелдеген. Осыдан соң ғана құзырлы органдар тексеруді бастады.
Бұл – осы жазда түсірілген бейнекөріністер. Қазір де еш өзгерген жоқ. Кәріз құбырынан аққан ластың бәрі су қоймасына әлі құйылып жатыр. Тұрғындар осы маңдағы демалыс орындарынан шыққан арам судың бұғазды былғап жатқанын экологтарға дәлелдеп әлек. Ал суға шомылған балалардың түрлі ауруға шалдыққанын айтады.
Николай Медведев, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:
- Дәл осы жерге шомылған балалардың бәрінің көзі қызарып, денесі бөртіп кетті. Туберкулез таяқшасы да бар деп жатыр. Былтыр Ресейдің Калининград өңірінен туыстарым демалуға келген. Балалары екі күн шомылған соң көздері іріңдеп кетті.
Тұрғындардың тоқтаусыз шағымынан соң Экология департаменті кешенді тексеру жүргізуді бастаған. Ал Алтай аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғайды. Алайда экологтар суды ластап отырған жеке немесе заңды тұлғаны таппаған. Осыдан соң қылмыстық іс те қысқарады.
Азамат Раисов, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- Тергеп-тексру амалдары барысында судың ластануы шектеуден аспағаны анықталды. Осыған байланысты қазіргі уақытта қылмыстық істе қалмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқарту туралы процесуалдық шешім қабылданған.
Дегенмен экологтардың қорытындысымен келіспеген тұрғындар тәуелсіз сараптамашы-эпидемиологтарға жүгінген. Тіпті сүңгуірлерді жалдап су түбіне түсірген. Нәтижесінде суда ұзындығы 80 метр болатын кәріз құбыры бар екенін анықтады. Ол құбырдан су қоймасына ағып жатқан батпаққа ұқсас лас заттан сынама алып, зертханаға жіберген. Тәуелсіз зертхана мамандары Бұқтырмадағы судың құрамындағы зиянды заттардың мөлшері шамадан тыс көбейгенін дәлелдеген.
Сергей Акентьев, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:
- Бірнеше күн бұрын ғана сүңгуірлер су түбіне түсіп, сынаманы алып шықты. Бір жарым ай бұрын зертханада тексергенде зиянды заттар қалыпты мөлшерден 5 мың есе көп болса, енді 70 есеге артқан. Бұл – бірден бір ішек таяқшысын тудыратын өте қауіпті бактериялар.
Тәуелсіз зертхана жүргізген сараптама дұрыс па, әлде ресми органдардың қорытындысы дұрыс па оны облыстық прокуратура анықтамақ. Сол кезде құбырдың кімге тиесілі екені де белгілі болады.
Дмитрий Кавригин, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Экология департаменті бірнеше рет сынамалар алды. Олардың барлығында судың таза екені анықталды. Қазір Бұқтырмадағы тазарту қондырғылары да тексеріліп жатыр. Ол нысанның техникалық жағдайы кәріз суын залалсыздандырудағы хлордың мөлшері, бәрі қаралады. Содан кейін ғана прокуратура заңды шаралар қабылдайды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәріз суын тазартуға жауапты мекеменің нысандары тозығы жеткені және су астындағы құбырлар соларға тиесілі екені дәлелденсе, табиғатқа келтірген шығынды толық өтеп, заң бойынша жауапқа тартылады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин