Түркістан қаласында ешқашан жөнделмеген көше бар
Тұрғындардың айтуынша, Жамбыл көшесінің бойында орналасқан №1 үй мен №23 үйдің арасындағы шағын көше мүлде жөндеу көрмеген. «Осы көшенің жырын айтып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Ешқандай нәтиже жоқ», – дейді тұрғындар.
Ал жауапты сала мамандары: «Жамбыл көшесіне асфальт төселген», – деп отыр.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Түркістан қаласындағы жұрттың ашу-ызасын тудырған асфальті жоқ Жамбыл көшесі осы. Мына жағы Абылай хан, екінші жағы Төлеби көшелерімен қиылысады. Негізінде Жамбыл көшесінің басы осы жерден, яғни мына №1 үйден басталып, №23 үймен аяқталады. Ал соңы Төлеби көшесіне барып тіреледі.
Әсіресе Жамбыл көшесінің тұрғындары жауын-шашынды күз бен қыс айларында қатты қиналатындарын айтады.
Тұрғындар Жамбыл көшесін жөндеу бойынша біраз мекеменің табалдырығын тоздырғанын айтады. «Бірақ барған жеріміздің бәрінде Жамбыл көшесі жөнделгенін айтып, шығарып салады», – дейді.
Закира Өтегенова, көше тұрғыны:
- Мүгедектер бар бұл көшеде, зейнеткерлер тұрып жатырмыз. Бірақ біздің жанайқайымызды ешкім естімейді, сезбейді. Біраз жерге барып, айтылды. Бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Осы Жамбыл көшесінің соңы Төлеби көшесіне тірелетінін айттық. Оңға бұрылып, сәл жүргеннен кейін солға қарай бұрылсақ, қайтадан Жамбыл көшесі басталады. Бұл – Жамбыл көшесінің екінші бөлігі. Бұл жағына асфальт төселген, автобустар қатынап жатыр. Демек, Жамбыл көшесі екі бөліктен тұрады. Жолға жауаптылардың «Жамбыл көшесі жөнделген» деп жүргені осы болса керек.
Байдулла Оразбеков, Түркістан қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жамбыл көшесінен хабарым бар. Бізге де бірнеше рет өтініштер келген. Осыдан 5-6 жыл бұрын жасалған көше. Жалпы көше қазір қанағаттанарлық жағдайда. Бірнеше жерінде ақау бар. Оны ағымдағы жөндеумен істеуге болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш