Әлеуметтік желіде жалған хабарламалар көбейіп кетті
Кейбірі баласының еміне ақша сұрайды, ал енді бірі киім мен азық-түлікке мұқтаж екендігін жазады. Шынтуайтына келгенде, мұның көбі жалған ақпарат болып жатады. Соның салдарынан қазір адамдар шын ақпарат пен жалған мәліметті ажырата алмайтын жағдайға жетті. Сонымен жалған ақпаратты қалай ажыратуға болады?
Қол ұшын созудан бас тартпайтын Ақзере жақында осының зардабын көре жаздады. Әлеуметтік желіде аз қамтылған отбасыға киім-кешек әкелу туралы хабарламаны көргенде бірден көмектеспек болып ниеттенген. Ақзере бұл мәселені көршілердің ортақ чатында талқылап, барлығы бірігіп гуманитарлық көмек жинаған. Бірақ мекенжай бойынша келгенде төккен тер бекерге екені белгілі болды.
Ақзере, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бізге үйдің қожайыны бұдан былай мазаламауды және оған қоңырау шалмауды дөрекі түрде сұрады. Менің ойымша, бұл ақпаратты бір бұзақылар таратты. Қазір қай жерде кімнің шынайы көмекке мұқтаж екенін ажырата алмайсың.
Расында да әлеуметтік желіде желдей ескен ақпараттардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ажырату қиын. Мамандардың айтуынша, қазір адамдардың көбі жалған ақпарат пен шын мәліметтің аражігін ажырата алмайды.
Риат Шони, тілші:
- Жалған ақпаратты бірден қалай анықтауға болады? Мамандардың берген қарапайым ережесі. Біріншіден жалған мәліметтердің авторлары оқиғаның нақты қай жерде болғанын және де датасын атамайды. Екіншіден ақпараттың дереккөзін көрсетпейді. Тіпті ресми құжатқа да сілтеме жасамайды. Тағы бұл оқиға мемлекеттік органдармен де расталғандығы туралы да айтпайды. Және де соңғысы болған оқиға жайлы бірде-бір бұқаралық ақпарат құралдарында жазылмаған. Яғни, бұл – fake news.
Асылтұқымды үй жануарларын тарату, жоғалған адамдарды іздестіру, көмек қолын созу. Бұл – жалған ақпараттардың желіде кең таралған түрі. Көбіне бұлар WhatsApp мессенджері арқылы таратылады. «Ал онымен күресу оңай емес», – дейді мамандар.
Арман Әбдірасилов, Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры:
- Өздеріңіздер білесіздер, телефонды бір пайдаланып, тастай салуға болады. Кейін қай жерден тарағанын ешкім де білмейді. Кейбір адамдар мұны әдейі мақсат етіп қояды. Олар әрине, бөлек SIM карта, телефон сатып алады. Ал кейбір адамдар білмегендіктен жасайды.
Өтірік ақпарат таратуға заңмен тыйым салынған. Оған қолданылатын жаза да әр елде әр түрлі. Мәселен, Германияда жалған мәлімет таратқан баспасөз 50 млн еуро айппұл төлейді. Біздің елде қоғамдық тәртіпті немесе адам құқығын бұзып, шындыққа жанаспайтын ақпар жариялаған құқық бұзушы 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылады немесе 5 мың АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Әсел Тоқаева, заңгер:
- Жалған ақапарат таратушыны айпи адрестер арқылы табуға болады. Бірақ, ол үшін құқық қорғау органдарының және арнайы құралдардың көмегінсіз жүзеге асыра алмайсыз. Ол үшін арыз жазу қажет. Міндетті түрде зардап шеккен тұлға болу керек. Оларсыз құқық бұзушыны жазалау мүмкін емес. Сондықтан күмәнді хабарлама көрген кезде мұқият болу керек.
Мамандар бейресми ақпаратты мүмкіндігінше таратпауға кеңес береді. Ал егер өзіңіз мәліметтің 100% шынайы екендігіне сенімді болсаңыз, бұқаралық ақпарат құралдарында бұл дерек туралы жаңалықтың бар-жоғын тексеріп алған артық етпейді. Өйткені жалған ақпарат жарға жығады.
Авторлары: Риат Шони, Марат Таубаев