Ауылмен өмірін байланыстырған «Болашақ» түлегі 50 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр
Жас кәсіпкер өзінің табысқа жету жолындағы айла-тәсілдерімен бөлісіп, бизнестің қыр-сырын меңгеруге не қажет екенін айтып берді.
Орақ науқаны болған соң кейіпкерімізді кеңсе емес, алқап басынан таптық. Басшы ретінде істі үйлестіруі өз алдына, осындағы комбайнның бірін тізгіндеп, астық жинап жүрген жерінен түстік.
Дәлел Жүзбаев, серіктестік жетекшісі:
- Өзім де жігіттермен бірге комбайнға отырдым. Өйткені бізде де кадр тапшылығы бар. Кейде өзім де отырамын. Мына бидайды уақытында алу керек қой. Ертең жаңбыр жауып кетсе, сапасы да түсіп кетеді. Сапасы түссе, бағасы да төмен болады.
Дәлел Жүзбаев саладан хабары бар, керек кезінде кеңесші, сенімді дос болатын азаматтарды жанына жинауға тырысады. Серік – солардың бірі. Айтпақшы ол былтыр Ақмола облысы бойынша бір комбайнмен 2,5 мың тонна астық жинап, рекорд орнатыпты. Осы ісі үшін арнайы марапат алған.
Серік Хамзеұлы, комбайн жүргізушісі:
- 24 күн жұмыс істедім. Күніне 100 тонна астық тапсырдым. Соңғы рет 2,5 мың тонна тапсырдым.
Дәлел Жүзбаев, серіктестік жетекшісі:
- Әрине, шетелде оқығаннан кейін ағылшын тілін білген соң, ол жақтың технологиясына қызығушылық бар бізде. Зерттейміз, жылда жаңа техника аламыз.
Мәселен, мына шағын құрылғыны алайық. Санаулы сәтте ешқандай зертханасыз бидайдың ылғалдылығын көрсетіп береді. Мамандар соған қарап, астықты тиісті кептіруден өткізіп барып, қоймада сақтайды немесе саудаға шығарады. Айта кетейік, жас жігіт әке кәсібін жалғастыруға келген кезде шаруашылықтың егіс алқабы 8 мың гектар болған. Бес жылда оны екі есеге кеңейткен.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Жер көлемі бүгінде15 мың гектарға жетіпті. Ал келесі жылы оның көлемі тағы мың гектарға ұлғаяды. Міне ол жер. Қазір жер жыртылып, көктемгі егін жұмысына алдын ала қамдап қойған.
Дәлел Жүзбаев былтыр астықпен қоса нан пісіру кәсібіне де ден қоя бастапты.
Айнагүл Айтжанова, наубайхана қызметкері:
- Нан тәулік бойы пісіріледі. Түнде екі адам жұмыс істейді. Жалпы ауысымда 6 адамбыз.
Дәлел Жүзбаев, серіктестік жетекшісі:
- Наубайхананы үлкейтіп жатырмыз. Тағы да бір пеш алайын деп отырмыз. Күніне 1 800 нан пісіреміз. Ол енді халыққа аз болып тұр. Мына жақта ұн салатын қойма. Сондай-ақ нан сақтайтын қойма мен демалатын орын да бар.
«Болашақ» түлегінің болашаққа деген жоспары үлкен. 30-40 бас ірі қарасы да бар. Жуырда азық-түлік дүкенін ашқан. Бәріне бір сәтте бақылау жасай алмайтыны түсінікті. Мұндайда ІТ саланың маманы шаруасын смартфондағы қосымша арқылы жүргізеді. Шағын мониторда әр техниканың алқаптың қай бөлігінде жүргені көрініп тұр. Ең бастысы жас кәсіпкер 50 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аян Сәрсенбаев