ШҚО-дағы Шолпан ауылының тұрғындары биыл да ауызсудан қағылды
Былтыр ауылды сапалы ауызсумен қамту жобасына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Үржар аудандық құрылыс бөлімі байқауда жеңімпаз деп табылған мекемемен 431 млн теңгенің жұмысына келісімшарт жасаған. Алайда облыстық сот шешімімен бұл құжат заңсыз деп табылып, былтыр басталған жұмыстар тоқтап қалды.
Мемлекеттік аудит тексерісі құрылыс бөлімінің сатып алу туралы заңнаманы бұзғанын анықтаған. Осындай олқылықтың салдарынан 1300-ден астам тұрғыны бар ауыл сапалы ауызсудан қағылып отыр.
Шолпандықтар осындай азаптан биыл күзде жоспар бойынша құтылуы тиіс болатын. Алайда бұл арман орындалмай, өкінішке қарай, кем дегенде тағы бір жыл осылай құдықтан су тасуға тура келіп тұр.
«Әсіресе қысқы уақытта қиын», – дейді тұрғындар. Ең бастысы, ауызсудың сапасы алаңдатады. Осыдан 2 жыл бұрын мектеп оқушылары жаппай сары ауру жұқтырғанда да жұрт шошып қалған.
Кәлима Каимова, Шолпан ауылының тұрғыны:
- Биыл қаражат бөлінді деп қуанып едік. Ауызсуға байланысты ешқандай нәтиже жоқ. Жастарымыз үйленіп, отбасын құрып жатыр. Әлі күнге дейін құдықтан тасимыз. Біз де қаладағылар сияқты көркейгіміз келеді. Осыдан кейін мына балалар ауылда қайдан тұрады? Жылда шешіледі дейді, әлі ешқандай нәтиже жоқ.
Былтыр күзде байқауда жеңімпаз деп танылған мекеме бірталай жұмыс атқарған. 150 млн теңгеге мұнара, су жинағыш салып, құбырлар әкелінді. Алайда биыл жұмыстар жалғаспады. Байқауға қатысқан тағы бір компания Мемлекеттік аудит департаментіне шағымданып, тексеру барысында құрылыс бөлімінің заң талаптарын бұзғаны анықталған.
Уатжан Секенов, Үржар аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Былтырғы жылы бөлінген қаражат толықтай игерілді. Алайда 2019 жылы 19 ақпанда сот шешімімен келісімшарт заңсыз деп танылды. Осыған байланысты құрылысты аяқтау мақсатында Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы арқылы ағымдағы жылы құрылысты аяқтауға конкурс берілді. 2020 жылы Шолпан ауылының тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.
Қазір қалған жұмыстар құны 280 млн теңгеге бағаланып отыр. Қайтадан жарияланған байқау қорытындысы қазан айында белгілі болады. Ал құрылыс келесі жылы аяқталады деп көзделген.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы