Алматы облысында спорттық медицина орталығы ашылды
Халықаралық олимпиада комитеті ұйымдастырған шарада спортшылардың психологиясы мен кешенді жарыстар қарсаңындағы дайындығы, жарақаттан кейінгі сауықтыру мәселесі сөз болды. Сондай-ақ соңғы уақытта әлемдік спортты шарпыған даулы мәселе допинг төңірегінде де біраз әңгіме өрбіді. Конференцияға қатысушылар Бокс академиясының жанынан ашылған спорттық медицина орталығымен танысты. Бұл шараға Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер де қатысты. «Заманауи үлгіде жабдықталған оңалту орталығының елімізде баламасы жоқ», – дейді мамандар.
Жігер Әзбергенов, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің ресми өкілі:
- Мұнда кез келген уақытта медициналық орталық көмегіне жүгінуге болады. Бапкерлер дәрігерлермен кеңесе отырып спортшының қай тұсына көбірек көңіл бөлу қажеттігін анықтайды. Бұл қызметтер соның барлығын бақылауда ұстап отыруға өте қажет. Жалпы осы орталыққа келген спортшылардың мәліметтері электрондық базаға енгізіледі. Бұл онлайн режимде болады. Ол жарақат алған спортшыларға басқа жерден-ақ қарап отыруға мүмкіндік береді.