Лондонда ағылшын тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесері өтті
2,6 млрд адам бұрын-соңды әлемдік аудиторияға қолжетімсіз болған қазақ әдебиетінің үздік жауһарларымен таныса алады.
Қазақ әдебиеті жинағы Кэмбридж университетінің баспасында ағылшын тіліне аударылып шығарылды. Жобаға көркем аударма саласындағы британиялық тәжірибелі мамандар аудармашылар мен әдеби редакторлар тартылған.
Кирон Деван, «Британ кеңесінің» бас директоры:
- Идея, білім және жаңалық алмасу – біз сенетін негізгі факторлар. Біз жобаға ерекше көңіл бөлдік және тараптарды қажетті адамдармен байланыстыруға көмектестік.
Кітаптар Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия университеттеріне жөнелтіледі. Ғылыми орталықтарды қоса алғанда, 8 мың кітапхана оқырмандарына қолжетімді болады.
Аида Балаева, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссия хатшысы:
- Ең басты негізгі мақсат – біздің әдебиет арқылы қазақ халқының, еліміздің рухын, мәдениетін, жалпы қазақ халқының болмысын, тыныс-тіршілігін әлемге паш ету. Мұнда үлкен халықаралық ұжым жұмыс атқарды. Оның ішінде біздің аудармашылардың үлкен пулы қалыптасты.
Дәл осындай тұсаукесер алдағы күндері Мадрид және Париж қалаларында өтеді. Ал жыл соңына дейін антологияның қытай, орыс және араб тілдеріне аударылған нұсқалары қалың оқырманға таныстырылмақ. Жоба міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазыналарын әлем жұртшылығына таныстыру.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы