Тұрғындар Алматы облысындағы жылу бағасына шағымдануда
Алматы облысындағы Өтеген батыр кентінің тұрғындары біздің арнамыздың «Хабарласыңыз» айдарына «Өткен жылы жылуға негізсіз көп ақша жұмсадық, бұл жағдай биыл да қайталануы мүмкін» деп шағымданды. Олар елді мекендегі тарифтің Алматымен салыстырғанда әлдеқайда қымбат екенін айтып, құзырлы мекемелерге де барған.
Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде өткен жылыту маусымында әр пәтер иесі: «Жылуға 13 күн артық төлем жасадық», – дейді. Жылу беру 4 сәуірде тоқтатылғанымен, «Жылу жүйелері» серіктестігі атынан оларға «15 сәуірге дейін жылумен қамтамасыз еттік» деген төлем түбіртегі келген. Келеңсіздік тудырған тағы бір жағдай – елді мекендегі тарифтің қымбаттығы. Алматының іргесінде тұрған кенттегі екі бөлмелі пәтер иесі қаладағы дәл сондай пәтермен салыстырғанда жылуға 10 мың теңге артық төлеген. «Бірақ екеуіне де бірыңғай тариф бекітілген», – дейді наразы тұрғындар.
Ирина Тюрина, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:
- Қала мен елді мекен арасындағы жылу тарифінің айырмашылығын салыстырмалы кестеден көре аламыз. Біз былтыр жылу берілмеген күндер үшін де ақша төледік. Неліктен олай екенін түсіне алмадық. Егер жылумен қамтамасыз ететін мекеме өз міндетін адал орындағанда, мұндай наразылық туындамас еді.
Ал жылуға жауапты мекеме басшылығы мұның себебін көпқабатты үйлердің жылу есептегіш құралдармен жабдықталмауымен түсіндіреді. Ондай үйлердегі пәтер иелеріне бірыңғай тариф бекітіледі. Ол теңдей бөлінген дифференциалдық тарифке қарағанда жоғары болады. Арызданған тұрғындардың үйіне есептегіш құрал жуырда ғана қойылыпты.
Бұл үйге мына жылу есептегіш құрылғысы биыл жазда орнатылды. Оны орнату үшін «Жылу жүйесі» серіктестігі 415 мың теңге талап еткен. Сондықтан әр жеке пәтер иелерінен 15-19 мың теңге аралығында қаржы жиналды. Алайда қазіргі кезде бұл есептегіш толық іске қосылған жоқ.
Жыл сайын жылуға артық төлем жасап келген тұрғындар есептегіш құралды орнатумен мәселенің шешілетініне күмәнді. Оның дер кезінде іске қосылатынына да сенбейді.
Василий Батыр, «Жылу жүйесі» серіктестігінің басшысы:
- Біз жылу есептегіш құралдарды орнататын компаниямен келісімшарт жасадық. Бұл үйдегі есептегіш әзірге іске қосылмағаны рас. Ол үшін жылу құбырлары толық тексерілуі керек. Содан кейін пәтер иелері кооперативімен келісім бекітіледі. Барлық құжат дайын,енді өзара жұмыс механизмін анықтаймыз.
Жалпы өткен жылы елді мекенде жылу құны 1 шаршы метрге 175-188 теңге аралығында болды. «Егер әр көпқабатты үй жылу есептегіш құралын орнатса, баға да нақты есептеледі», – дейді серіктестік өкілдері. Қазіргі Өтеген батыр кентінде көпқабатты 120 үй бар. Олардың тек 15% ғана жылу есептегіш құралы орнатылған.
Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев