Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді
Оған одаққа мүше мемлекеттердің басшылары түгел қатысады деп жоспарланып отыр. Арасында әрине, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Ереван жиынға әзірлік жүргізіп жатқанда, сарапшылар жай отырмай саммиттің салмағын саралап шықты. Сонымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысынан не күтеміз?
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- ЕАЭО-ға Армения сәл кейін келіп қосылды. Бірақ бұл елдің еуразиялық бірлестікке деген енжарлығын аңғартпаса керек. Экономикалық одаққа ресми Ереван бір жыл төрағалық етті және ол жемісті өтті деуге әбден болады. Сарапшылар: «Ереван саммиті маңызы мен құрамы жағынан одақ үшін тарихи оқиға болады», – деп бағалап отыр.
Себебі бұл кеңеске бірлестіктегі бестіктің басшыларынан бөлек, Иран Президенті Хасан Рухани мен Сингапурдың Премьер-Министрі Ли Сянь Лән қатыспақ. Ал ертеңгі саммиттің басты құжаты – ЕАЭО мен Сингапур арасында қол қойылатын еркін сауда аймағы туралы келісім болмақ. Сарапшылар бұл келісімге қол жеткізілсе, экономикалық одақ үшін оң әсері болатынын айтып жатыр. Ол белгілі де, себебі Сингапур – әлемдегі аса ірі қаржылық хаб қана емес, инвестициялық портфелі бай елдердің бірі. Экономикалық кереметі бәріне аян Сингапурмен серіктестік тауар, қызмет және инвестициялық тетіктердің төңірегінде болмақ.
Виген Акопян, саясаттанушы:
- Бізге бұл құжат қажет. Бірақ бұл бізге ғана емес, Сингупар үшін де керек келісім. Себебі оларға нарық керек. Ал ЕАЭО – 200 млн тұтынушысы бар алып нарық. Сингапур секілді жоғары технологиясы дамыған мемлекетке еуразиялық кеңістік нарығына ену үлкен экономикалық мүмкіндік, себебі нарық бос, әзірге бәсеке болар ешкім жоқ. Жалпы ЕАЭО мүмкіндігін өкінішке қарай әлі ешкім барынша бағалап отырған жоқ.
Саясаттанушы Виген Акопян: «Бұл шешім – ЕАЭО үшін де үлкен сынақ», – деп айтты. Себебі Сингапур – АСЕАН секілді алып бірлестікке мүше. Демек, 600 млн-ға жуық халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының қақпасы бестік бірлестік үшін айқара ашылмақ.
Виген Акопян, саясаттанушы:
- Кез келген экономикалық кереметтер үшін тек мемлекет басшысының саяси ерік-жігері жеткіліксіз. Мұндай қадамды қоғаммен бірлесіп жасау қажет. Тұтас қоғам өзгерісті қаласа, экономикалық реформалар әлдеқайда тиімді болар еді. Ол үшін біз жылдар бойы жайлы әрі қалыпты ортадан бас тартуымыз қажет деп ойлаймын.
Сонымен Ереванда бес елдің басшысы бір үстелге жайғасып, экономикалық одақ кеңістігіндегі кедергілерді талқылап, кейбірі бойынша келісімге келеді. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Ереванға Қасым-Жомарт Тоқаев ұшып келеді. Саммиттің аясында Мемлекет басшысы бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланған. Кеңеске келген мемлекет басшылары әуелі шағын, сосын кең құрамда кездеседі. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша 15 шақты құжатқа қол қойылмақ. Оның ішінде бірыңғай қаржылық нарық құру туралы тұжырымдама, экономикалық одақтың бюджеті туралы құжаттар бар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков