Ұлттық электр тораптарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Ұлттық компания қазір ұлттық маңызы бар өнеркәсіп кешендері құрамындағы өңірлік электр станцияларында арнайы жөндеу жұмыстарын аяқтайды.
Ұлттық электр тораптарында күзгі-қысқы кезеңде үздіксіз жұмыс жасау үшін жыл сайын маусымдық әрі күрделі жөндеу жүргізіледі. «KEGOC» компаниясы электр қуатын тарату нысандарында техникалық ақауларды реттеу жұмысын аяқтап та қалды. Компанияның 9 филиалы нысандардың жағдайын тексеретін арнайы комиссияға дайындық актісін ұсынуы тиіс.
Ержан Күдербаев, «KEGOC» АҚ Ақмола аумақтық электр тораптарының басшысы:
- Жалпы «KEGOC» компаниясы бойынша 2019 жылы 103 электр желісі және 41 қосалқы станциясы жөндеуден өту керек. Оған қоса ғимараттар, автокөліктер жөндеуден өтеді, құрал-жабдықтар, апаттық қорларды толықтырады және жанар-жағармайдың қоры құрастырылады.
Осы кезеңге таяу тұтынушыларды үздіксіз энергиямен жабдықтау мақсатында 1,7 млрд теңгеден астам сомаға 610 электр желілік шаруашылық объектіні жөндеу аяқталады. Сондай-ақ 3 мың шақырымдық электр жеткізу бағаналары, 40 шақты қосалқы станциясы бар. Солардың бірі – Ақмола облыстық аймақаралық электр станциясы.
Нұржан Керімқұлов, «КЕGОС» АҚ Ақмола жүйеаралық электр тораптары филиалы бас инженерінің орынбасары:
- Бұл станция Нұр-Сұлтан және Ақмола облысының тұрғындарын электр қуатымен толықтай қамтамасыз етеді. Қосымша көрші елге де тарата алатын мүмкіндігі бар. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде электр желілерінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары.
«Қосалқы станциялардың негізгі жабдықтары мен электр жеткізу желілерін жөндеу жүйелік оператормен кеілісілген кесте бойынша жүргізілді», – дейді компанияға тиесілі нысан қызметкерлері. Қалпына келтіру шаралары бірер күнде аяқталуы тиіс. Себебі 14 қазанда «KEGOC» компаниясы дайындық актісін әзірлеп, күз бен қысқа сақадай сай екендігін хабарлайды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аян Сәрсенбаев