Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: ЕАЭО пен Сингапур арасындағы серіктестіктің кеңейе түсуі біз үшін өте маңызды

Мемлекет басшысы әуелі Сингапурдың премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесті. Тараптар екіжақты серіктестіктің қазіргі жағдайын талқылап, оны кеңейте түсуге уағдаласты. Президент Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур Республикасы арасында қол қойылатын Еркін сауда аймағы туралы құжаттың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сянь Лунды Қазақстанға сапарлауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің Қазақстанға сапарыңызды кез келген уақытта асыға күтеміз. Ондай кездесу екі елдің арасындағы бірқатар сұрақты талқылап, байланысты бекемдей түсуге мүмкіндік берер еді. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур арасындағы серіктестіктің кеңейе түсуі біз үшін өте маңызды.

Ли Сянь Лун, Сингапур премьер-министрі:

- Қазақстанмен қазіргі қарым-қатынасымыз жақсы деңгейде. Мен жуық арада Қазақстанға сапарлаймын деп жоспарлап отырмын. Сіздің де Сингапурға келуіңізді асыға күтеміз.

 

Қ.Тоқаев: Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Иран Республикасының Президенті Хасан Руханимен де кездесті. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президентінің алғашқы екіжақты кездесуі. Иран Ислам мемлекетінің басшысы өз кезегінде Қазақстан Президентін жаңа мәртебесімен құттықтап табыс тіледі. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ұзақ жылғы достықты сөз ете келе, Иран Президентін Қазақстанға келіп кетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Иран – біздің тату көршіміз. Біздің арамызда ынтымақтастық қарым-қатынас өте жақсы. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бұл салада үлкен жұмыс істеді. Енді менің мақсатым осы қарым-қатынасқа үлкен серпін беру деп ойлаймын.