ШҚО-да қыс түспей жатып көмірге талас басталды
Қазір Өскемендегі көмір сататын теміржол тұйығында жүк көліктерінің керуені түзілген. Халық кезекке таңмен таласа келіп, тіпті қонуға мәжбүр. Әлеуеті әлжуаз отбасыларға жеңілдікпен жеткізілетін көмірдің де бүгінге дейін 50% ғана тасымалданған. Басты себеп – вагон тапшылығы. Жылыту маусымы басталарда көмір тасымалы неліктен жыл сайын жырға айналады?
Өскемендегі көмір сататын теміржол тұйығындағы дәл қазіргі көрініс. Жүргізушілер кезек үшін күнде қызылкеңірдек болады. Бұл әсіресе алыс ауылдардан көлік жалдап келген жасы үлкен адамдарға қиын болып тұр.
Қадырбек Сләмбеков, зейнеткер:
- Сол жақта тұрғандардың бәрі – таласып-тармасып алып, кейін қайта келіп таласып тұрғандар. Оң жақтағыларды кіргізу үшін ешқандай тәртіп жоқ. Ешкім қарамайды.
Ала жаздай көмір алуға асықпағандар алғашқы суық түскен бойдан осы теміржол тұйығында жүр.
Қазан мен қарашының суығы түскен бойда бұл жерде жүк көліктерінен керуен түзіледі. Кейбір жүргізушілер қонып жатуға мәжбүр.
Бірнеше күн кезек күтіп жүріп алған көмірдің сапасы да жұрттың көңілін көншітпей отыр. Көбісі – ұсақ. Ал кесегі – көк тас.
Дүйсебек Боқалай, қала тұрғыны:
- Қоқым, топырақ, тас-топырақ аламыз. Жартысы жанса, жартысы сол қалпында қалады. 10 тоннадай көмір аламыз. Соның алтауы жағылады. Төртеуі тас-топырақ болып қалады.
Көмір түсетін қойма басшысы сапаға мүлде жауап бермейтінін кесіп айтты. Ал ұзын-сонар кезектің түзілуін вагон тапшылығымен байланыстырады.
Нұржан Қазиев, көмір сақтау қоймасының директоры:
- Анау аптада теміржолда вагон болған жоқ. Ол үлкен мәселеге айналды. Бір апта бізде көмір болмады. Көмір үздіксіз келіп тұрса, бізде де мәселе болмайды. Қанша болса да, біз жібереміз.
Аймақтағы жылу мен отынға жауапты мамандар тасымал мәселесі қалыпты екенін айтады. Халыққа қажетті 1 млн 140 мың тонна көмірдің бүгінге дейін 700 мың тоннадан астамы жеткізілген.
Болат Ақужанов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Көмір үзіліссіз жеткізілуде. Қазір қаладағы көмір тарататын орындарда 20 мың тоннаға жақын қатты отын бар. Тұрғындар сатып алып жатыр. Биыл былтырғы жылғыдай мәселе болмайды.
Қаражыра кен орнында көмірдің тоннасы – 6500, Өскеменде 9200 теңгеден. Алайда жеке алыпсатарлар Өскеменнің өзінде 4 тонна көмірді жеткізуге 10-15 мың теңге алады. Ал теміржол қатынасы жоқ Тарбағатай, Күршім, Үржар, Катонқарағай аудандарының тұрғындары үшін тасымал басты мәселе болып тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов