2021 жылы елімізде 5G енгізіледі
Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі осыған қатысты есеп берді. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өткізілген. Қазан айында Шымкентте де енгізіп көрмек. 5G технологиясын енгізу үшін қомақты инвестиция тартылмақ. Осылай 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО аумағында, ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G пайда болады. 2023 жылдан бастап барлық облыс орталығында енгізу жұмыстары жүргізіледі.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі:
- 5G байланысын енгізу тек телекоммуникация саласына ғана емес, өнеркәсіптің жаңа салаларының пайда болуы мен дамуына елеулі серпін беріп, экономиканың дамуына өзекті үлес қосады. Бұл – өзекті әлемдік тренд, алайда 5G – өте қымбат байланыс түрі. Сондықтан 5G-ді пайдалану басымдығын дұрыс анықтап алу қажет. 2020 жылға қарай өңірлерде, соның ішінде алдымен Нұр-Сұлтан қаласында 5G-ді тиімді пайдаланатын тиісті жобалар әзірлену керек.
Асқар Жұмағалиев, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- 2023 жылдан бастап барлық облыс орталығында енгізу жүргізіледі. 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97% кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3% спутниктік технология қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.