Нұр-Сұлтанда қатерлі ісікке операция жасаудың тың тәсілі табылды
Себебі елімізде обырды кеспей, тілмей емдеу әдісі пайда болды. Қазір бас қаладағы Ұлттық ғылыми орталықта қатерлі дерттен емделіп шыққандар көп. Жаңа технологияның сыры неде?
63 жастағы Алма тәтей дәрігерлерге дер кезінде келген. Ең қызығы, зейнеткердің бауыры жаншып, мазасы кеткен. Алайда ақ халаттылардың алдына келіп бүйрек қатерлі ісігіне шалдыққанын біліпті. «Оң жақ бүйрегімде пайда болған түйінді мамандар еш қиындықсыз емдеп жазды», – дейді ол.
Алма Қонқаева, СҚО тұрғыны:
- Ісік бүйрегімнің сыртында болды. Дәрігерлер: «Операция жасауға келіссеңіз, бүйректі алып қалуға тырысамыз», – деді. Сосын мен келісім бердім, операция жасалды. Ота өте сәтті өтті. Ризамын!
Қазір Онкологиялық орталықтың операция бөлмелері нық толы. Науқастардың көбі – бүйрек қатерлі ісігінен жапа шеккендер. Қатерлі ісік қазіргінің індеті болғанмен, онымен күресер күш те пайда болды. Обырды жеңу бұрында салмақты сауалдардың бірі болса, бүгінде отандық дәрігерлер шетелдік тәжірибені қолдануға көшті.
Талғат Құрманов, онкоуролог дәрігер:
- Мүшені алмай, тек қана ісікті аламыз. Мысалы, мына бүгінгі операция бүйректі сақтау мақсатында өтті. Біз тек қана ісікті алып тастадық. Сол себептен біз енді мүшені қалдырып, көбінесе ісікті ғана алып тастауға тырысамыз.
Дәрігер айтқандай, операция уақытында адам мүшелері толығымен сақталады. Ешқандай мүше тілініп, кесілмейді. Пышақ тиген жерлерден қан кету бұрындары қауіп төндіретін болса, қазір жараның жазылуын ғана күту қажет.
Талғат Құрманов, онкоуролог дәрігер:
- Біз үлкен оталарды тілмей, жай ғана шаншулар арқылы жасаймыз. Сол «лапроскопиялық әдіс» деп аталады. Біздің команда шетелге барып оқып, елімізде осы әдіс-тәсілдерді қолдануда. Ісік ауруларын дәрігерлер дер кезінде анықтаса, біз оны емдеп береміз.
Мүшелерді сақтау арқылы обырдан құтылу үшін науқас скринигтен өтуі тиіс. «Бірақ мерзімінен кешігіп, асқындырып алмау қажет», – дейді мамандар. Еске салсақ, атаулы операция түрі елімізде соңғы екі жылда жүргізіліп келеді. Ең бастысы – тегін. Сондықтан аурудан айығу үшін шетел асудың қажеті шамалы.
Авторы: Аманжол Байғазин