Оралдағы қараусыз қалған ғимарат тұрғындарға қауіп төндіруде
Алайда осы жыл санап жайнап, күн санап көркейіп келе жатқан кенттің келбетіне селкеу салатын жайттар жоқ емес. Солардың бірі – сақалды құрылыстар. Ондаған жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған ғимараттар қаланың архитектуралық ажарын кетіріп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Мына 10 қабатты тұрғын үй қаланың қақ ортасындағы Абай алаңында, шаһардың тарихи бөлігінде орналасқан. Негізінен 2-3 қабаттан құралған ғимараттардың сәулет композициясына кірікпейтіні өз алдына, тіпті 10 шақты жыл бойы қаңтарылып тұр. Күнде көрген соң әкімдердің де көзі үйренген сыңайлы. «Неге тұр?» деп жатқан ешкім жоқ. Ал 2010 жылы келесі тұрғын үйдің қоныс тойы тойлануы тиіс еді. Бірақ бүгінде қаңғыбас-кезбелер мен бұралқы ит-мысықтың мекеніне, автобус жүргізушілерінің әжетханасына айналыпты. Мердігер астаналық мекеме екен. Айтуларынша, банктен несие алған. Қымбатшылықтың кезекті толқыны соққанда қолдағы қаржыға құрылысты аяқтай алмай қалған.
Әлия Мұсабаева, құрылыс компаниясының өкілі:
- Банк тарапынан уақытылы қаржы бөлінбен соң біздер қосалқы мердігерлермен де келісімдерді үздік. Өйткені оларға ақша төлей алмадық. Бір проблеманың артынан өзгесі де туындады.
Өз кезегінде қарызын қайтара алмаған компанияны банк сотқа сүйрейді. Есепшоттар тұтқындалған соң құрылыс та тоқтайды. Қазір нысан бәссаудаға шығарылған. Құны – 240 млн теңге.
Болат Нұртазин, жеке сот орындаушы:
- Компанияның қызметкерлері алдындағы қарызы 10 млн теңгеден асады. Соған байланысты бітпеген құрылысқа шектеу қойылды. Бұл нысан бірнеше мәрте саудаланды. Бірақ ешкім қызықпады.
«Сақалды құрылысқа» қызығушылар табылған жағдайда да жаңа қожайын ең алдымен техникалық сараптама жүргізуі міндетті. Өйткені ұзақ уақыт күннің көзінде, жауын-шашында тұрған құрылыстың беріктігі кемитіні бесенеден белгілі.
Теміржан Шәкіржанов, Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Уақыт өте келе табиғи жағдайларға байланысты бетонның сапасы жойылады. Сол себепті тиісті техникалық зерттеулерден соң бұл үйді пайдалануға беруге болатыны немесе болмайтыны жөнінде тиісті қорытынды шығарылады. Пайдасыз болған күнде толықтай бұзылуы да ғажап емес.
Қазір қаладағы «сақалды құрылыстардың» санын анықтап, алдағы тағдырын айқындау мақсатында өңір басшысының тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылуда. Әрбір қараусыз ғимараттың жай-күйі жан-жақты зерделеніп, апатты күйдегілерін бұзу туралы шешім шығарылмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов