Атырауда мұнай қалдықтары шашылып жатыр
Бұған дейін де біздің тілшілеріміз қала көшелерінен 200 метр жерде мұнай қалдықтарын көріп, дабыл қаққан болатын. Арада ай өтті. Ластанған жерді тазалау жөнінде берілген нұсқаманың да мерзімі бітті. Бірақ жауапты мекемеден еш хабар жоқ.
Май қалқыған апандардан Восток ықшам ауданы 200, ал Химиктер қалашығы төрт метр қашықтықта орналасқан. Мұндағы тұрғындар күн ыстықта көтерілетін мұнайдың иісіне еттері өліп кеткендей. Дегенмен шыдамның да шегі бар. Олар тамыз айында редакциямызға шағым айтып келген болатын. Біз мәселені көтердік. Құзырлы органдар құлшына іске кіріскен. Тіпті халық қалаулылары да қолдап отыр. Бірақ әлі нәтиже жоқ.
Әлібек Семғалиев, қалалық мәслихат депутаты:
- Бұл мәселе біздің экологиямызға қатысты болғасын, қалай болғанда да орын тазалануы керек. Біз депутаттар ретінде осыны қадағалаймыз. Соңына дейін тазалануына қол ұшымызды тигіземіз.
Бірақ әлі күнге тазалық шарасы басталмапты. Облыстық Экологиялық департаменттен білгеніміз осы болды. Олар тексеру жүргізіп, соның негізінде жер иесі «Қазақстан теміржолы» АҚ нұсқау жолдапты. Тіпті орындалу мерзімін де нақтылған.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Мұнай көлшіктерін тазартуға берілген бір ай мерзім аяқталды. Алайда теміржолшылар тарапынан қозғалыс жоқ. Қолдан жасалған 7 көлшік пен май қазандарынан аққан қара май буланып, айналаны аяусыз ластауда. Қазақстан теміржолы сынды алып компанияның, экологтардың заңды талаптарына да мойынсұнар түрі көрінбейді. Дегенмен құзырлы органдар қол қусырып қарап отырған жоқ. Экология департаменті жер иесіне жіберген нұсқаудың жауабын күтуде. Оның мерзімі 3 қазанда бітеді екен.
Ерлан Кадилов, Атырау облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:
- Департаментпен берілген нұсқама орындалмаған жағдайда департамент тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексіне сәйкес іс қозғалады. Сосын қарау үшін сот органдарына жолданады.
Сондай-ақ бұл жағдайды табиғат қорғау прокуратурасы да бақылауға алмақ. Егер сот шешімі шықса, барлық құзырлы орган бірлесіп, заң шеңберінде шара алмақ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Тмерілан Сұлтанғазиев