Жолдау аясында қандай шаралар атқарылып жатыр?
Жолдауда көрсетілген нақты істерді жүзеге асыру үшін кешенді бағдарлама қолға алынды. Әсіресе ауыл-аймақтағы халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Жолдау аясында қандай шаралар атқарылып жатыр?
Елімізде 80 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұр. Оларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту керек. Бұл – ел Президентінің Жолдауынан кейін қолға алынған шаралардың бірі. Ақтөбе өңірінде үш бірдей оңалту орталығы болғанына қарамастан, қажеттілік әлі де бар. Сұранысты өтеу үшін жаңа мекеме ашылмақ. Бұл игілікке қосымша 150 млн теңге бөлінбек.
Ақтоты Ермағамбетова, Ойыл ауданының тұрғыны:
- Ақтөбеде ашылғаны жақсы болды. Ешқандай портал күткен жоқпыз. Келуіміз жеңіл болды. Бұрын басқа жаққа барар кезде порталды бір-екі ай күтетін едік. Бір күнде тіркелдік те, келе қойдық.
Айта кетейік, облыста аутизм мен сал ауруына шалдыққан 1200-ге жуық бала есепте тұр. Соңғы жылдары науқастардың шетелге барып ем алулары азайған.
Келер жылдан бастап, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл сайын 10 мың жанұя баспаналы болуы қажет. Осылайша еліміздегі көпбалалы отбасылардың мәселесі үш жыл ішінде шешілу тиіс. Президент Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берді. Бұл бағытта Қарағанды облысында жүйелі іс атқарылмақ. Жыл соңына дейін 500 пәтер тапсырылады. Бүгінде бағдарламаға қатысуға 250 өтініш түскен.
Асығат Макенбаев, құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Қарағанды қаласында 236 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарланса, келесі жылы бұл 400 мың шаршы метрден асып, екі есеге көп жоспарланып отыр. Оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлініп отыр.
БҚО-да киіктердің саны 135 мыңға жеткен. Алайда ерекше қорғалатын дала жануарларын заңсыз аулау деректері азаяр емес. Салдарынан мемлекетке 25 млн теңге көлемінде залал келді. Жыл басынан бері қаскөйлерге қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған. Ал киелі аң атаулыны баудай түсіріп, мүйіздерін кесіп алған 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Президент Жолдауында браконьерлер мәселесін айтып, олармен күрестің әлсіздігін көтерген еді. Тиісті жұмыс қолға алынды.
Арман Ізімғалиев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы:
- Әріптестеріміз «жануарларды қорғаймыз» деп қаза болды. Осы орайда Президент тапсырысымен заң аясында ерекше жобалар әзірленіп жатыр. Әрине, көз қуантарлық жағдай.
Сырдария өзенінің деңгейі жылдан жылға төмендеп барады. Бұл егін алқаптарының еселеп артуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Тығырықтан шығу үшін өңір дихандары құнарлы топырақты тамшылатып суарып, көлемін 300 мың гектарға арттырмақ. Бұл да – Жолдау жүктеген міндеттердің бірі. Елімізде келешкте суармалы жер көлемі 3 млн гектарға жетпек.
Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске бастығы:
- 187 мың гектар жер қайтадан қалпына келтіріледі. Бұған дүниежүзілік банктен, Азия даму банкінен 164 млрд теңге қаржы бөлінгелі отыр. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығының дамуына 30-40% дейін оң әсерін тигізсе, 25-30% дейін суды үнемдеуге болады.
Бұл тапсырманы орындаудан Павлодар облысы да кенде емес. Ертіс өңірінде кезінде мыңдаған гектар жерді суарған «Ертіс – Успенка» арнасы қайта жаңғырмақ. Бұл стратегиялық нысан өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған, кейін жарамсыз болып қалған. Бірінші кезеңде жасанды арнаның 13 шақырымы қалыпқа келтіріледі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков