Қызылордада жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Жаңа әлеуметтік нысандар Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қала аумағынан бой көтерген.
Сырдарияның сол жағалауы уақыт өткен сайын гүлденіп келеді. Жаңа қалада бұған дейін «Рухани жаңғыру» орталығы, музей, «Жастар орталығы» мен тұрғын үйлер бой көтерген болатын. Енді заманауи балабақша ашылып отыр. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жемісі.
Қамар Рүстемов, қала тұрғыны:
- Мемлекеттің қаражатымен екі жақты саясат өте дұрыс. Екі жақтың көмегімен осы балабақшаны ашып жатыр. Бұл балабақшаларда балаларымыз, менің немерелерім өсіп жатыр. Осы балабақшаның өзінде екі шөберем, бір немерем келіп тәрбиеленіп жатыр.
Сонымен қатар тыл және ауған соғысының ардагері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар және 2-топ мүгедектеріне пәтер кілттері табысталды. Бұл күні Табиға Әбдірахманованың да ұлы арендалық пәтердің иесі атанды.
Табиға Әбдірахманова, қала тұрғыны:
- Берілген үй өте тамаша, әдемі. Сосын сол жағалаудан, жақсы жерден алып отырмыз, соған өте қуаныштымыз.
Айта кетейік, бүгінде Сырдарияның сол жағалауында 50 пәтерлік 25 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соңғы жылдары қаламызда 15 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов