Өгей әкесі ұрып-соққан 2 жасар бала қайтыс болды
Сәбидің нағашылары: «Суыт хабардан әлі өз-өзімізге келе алмай отырмыз», – дейді.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Жантүршігерлік оқиға 23 қыркүйек күні Көкқайнар ықшамауданы Ақбастау көшесіндегі дәл мына үйде болған. Азматтық некеде тұрған екі жас осы шағын үйді жалдап тұрған екен.
Сол күні келіншек екі ұлын өзінің бірге тұратын адамына тастап жұмысқа кетеді. Күдікті азамат екі жасар бала тоқтаусыз жылап, жұбата алмаған соң есінен танғанша сабаған. Осы оқиғаның куәгері 5 жастағы Аңсар әбден шошынып қалса керек. Қазір нағашы ағасынан бір елі ажырамайды.
Ұлды өз қолымен ауруханаға жеткізген қаскөй алғашында бала ойнап жүріп құлап қалды деген. Бірақ дәрігерлер оның соққыға жығылғанын бірден байқап дереу полицияға хабарлайды. 34 жастағы азамат көп ұзамай қолға түсіп, баланы ұрғанын мойындайды. Үй иесі осы жағдайға байланысты сұхбаттан бас тартса, көршілері ешнәрсе көрмедік деп отыр.
Күдіктіге әуелі Қылмыстық кодекстің 106-бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айып тағылған. Ауыр жаңалықтан кейін іс 99-баппен, яғни адам өлтіру фактісі бойынша қаралатын болды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Осы дерек бойынша Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Тергеу басқармасы қылмыстық істі өз өндірісіне алған болатын. Сезікті бірден ізін суытпай жатып қолға ұсталды. Ол кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды.
Бұған дейін ол ұрлық пен қарақшылығы үшін істі болған екен. Өгей ұлын өзекке тепкен азамат бұл жолы 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге темір торға тоғытылуы мүмкін.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев