Шетелдік автомобильдердің қатысуымен 400-ге жуық жол-көлік оқиғасы болды
Бұрын өзге елдің көліктері 6 айдан соң шығарылуы не уақытша тіркелуі тиіс болса, енді ол шектеу күшін жойып, шеттен келген көліктер күрт көбейді. Әсіресе Ресейдің 5 аймағымен көрші Орал өңірінде ескі, арзан автомобильдердің саны артқан. Олардан салық түспейтіні өз алдына, шетелдік көліктер түрлі жол оқиғаларына тап болып жатады. Мәселен, биыл шекараның ар жағында тіркелген автомобильдердің қатысуымен облыста 400-ге жуық жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 19 адам қаза тапты. 177 жол апаты кезінде жүргізуші оқиға болған жерден қашып кеткен. «Көліктің нөмірі белгілі болса да, оны табу оңай емес», – дейді мамандар. Өйткені еш жерде мәлімет жоқ. Осыған байланысты тәртіп сақшылары шетелдік көлік құралдарын уақытша тіркеу ережесін енгізуді ұсынып отыр.
Кенжебек Құспаев, БҚО Полиция департаментінің басқарма бастығы:
- Нақты қанша шетелдік автокөлік жүріп жатқаны бүгінгі күнде белгісіз. Біз енді өз күшімізбен құқық бұзушылық жасаған, жол қозғалыс ережесін бұзған шетелдік автокөліктерді анықтаған кезде сұраныстар жіберіп жатырмыз. Уақытша тіркеу ережесі енгізіледі деп үміттенеміз. Егер ол ережені енгізетін болса, жол-көлік оқиғасын жасағанда немесе ережесін бұзған кезде анықтауға жеңіл болады.