Мәжілісте бюджеттік өзгертулер таныстырылды
Ауылшарушылық техникасын да жаңарту керек. Ал шалғай ауылдарда өрт сөндіру жабдықтары жетіспейді. Осы және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бюджеттен 94 млрд теңге қажет. Бұл туралы 2019 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға үкіметтік түзетулерді талқылау кезінде айтылды. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов енгізілген түзетулер туралы баяндады. Мысалы асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған 36 млрд теңге қолдау таппаған. Бұл мәселе депутаттар наразылығын тудырды. Олар: «Салаға дұрыс көңіл бөлінбей отыр», – дейді. Мысалы субсидияға бөлінген қаржыны жергілікті әкімдіктер басқа мақсатқа жұмсап үйренген. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушылар вагондарын сатып алу үшін биылғы жылдың бюджетінен 18,7 млрд теңге сұрап отыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, енді испандықтардың орнына ресейлік вагондар алынады. Жалпы елімізде қолданыстағы вагондардың жартысы тозған. Бюджет туралы заңға үкіметтік түзетулер депутаттардың талқысынан өткен соң арнайы жұмыс тобының қарауына жіберілді.
Берік Шолпанқұлов, ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары:
- АӘК алатындардың қатары көбейіп жатыр. Бұған дейін қабылданған өтініштер бойынша қаржы есептелген еді. Ол 9 айдың қортындысы болған. Күн сайын жаңа өтініштер түсуде. Біз 1 млн 400 мың адамға есептеген едік. Ал қазір 1 млн 800 мың адам болды.
Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз жаңа ғана ақпарат алып, осы құжаттарды көріп жатырмыз. Оның бәрін реттеу үшін қаражат керек. Қаражат жеткіліксіз. Бір жаққа тартсақ, екінші жақ болмай жатады. Сондықтан да осы қаражатты біз дұрыс бөлу мәселесін бір күнде шеше алмаймыз. Оны рет-ретімен, жылдарға бөліп қарайтын боламыз.