Қарағанды облысында мектеп директоры жетімдер үйінен 5 бала асырап алды
Сөйтіп өзі еңбек етіп отырған білім ошағын жабылудан сақтап қалды.
Себебі кейінгі жылдары мұнда оқушы саны күрт азайып кеткен. Қазір батыр ұстаздың бұл қадамын өзге де ауылдастары қолдап, бүгінде 3 отбасы бала асырап алуға ниет танытып отыр. Ал осы өңірден шыққан кәсіпкер Нұрлан Қалтаев болса, сауапты іс жасап отырған жерлестерін үймен қамтамасыз етуді өз мойнына алған.
Аян Исабаевтың Қоянды орта мектебіне директор болып тағайындалғанына небәрі 2 жылға жуықтаған. Ол алғаш жұмысқа келгенде 40 жылдық тарихы бар қара шаңырақ жабылудың аз-ақ алдында тұрыпты. Себебі: бала саны 40-қа жетер-жетпес. Білім ошағын сақтап қалудың жалғыз жолы оқушыларды көбейту еді. Басшы бірден жетімдер үйінен бала асырап алуға шешім қабылдайды. Осылайша өзінің 4 баласымен қоса 5 бірдей бүлдіршінді бауырына басқан.
Аян Исабаев, мектеп директоры:
- «Ауылым – алтын бесігім» дейді ғой. Ауылдың жүрегі – мектеп. Мектеп болмаған жерде халық та отырмайды. Бұрын көш көп болса, қазіргі ол көш тоқтады. Керісінше жас отбасылардың сырттан көшіп келуі басым. Ауылға қайтып жатыр. Отбасылар көбейіп, мектебіміз балаға толып жатса, әрине, нұр үстіне нұр.
Осындай үлкен жауапкершілікті мойнына алған Аян балаларын мектептен тыс уақытта да еңбекке баулып, тәрбиелеп келеді. 5 ұлы – қолқанаты. Көктемде еккен көкөністері мол өнім беріп жатыр. Бау-бақшада әр баланың өз ағашы бар. Оларды мәпелеп отыруды өздеріне жүктеген.
Мынадай бұталарын, шіріп тұрған жерлерін кесіп тастау керек.
Ал балалардың сабағын, оқу үлгерімін үйде отанасы Әлия Исабаева қадағалап отырады. «Алғашқыда бүлдіршіндер жатырқағанмен, қазір бір үйдің баласындай тату-тәтті», – дейді ол.
Әлия Исабаева, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Балалар қалыптасты. Қазір бүкіл мәдени іс-шараға қатысады, концертте тақпақ айтады. Ақнұр өлең айтады, Әсет футболға жақын, Руслан ағылшын тіліне жақын, таяуда олимпиадаға барады.
Бір қуантарлығы, Аянның бұл бастамасын қазір ауылдастары да қолдап, көпшілігі бала асырап алуға ниет танытып отыр. Бүгінгі күні 3 отбасы құжаттарын тапсырып қойыпты. Ал оларды үймен қамтуды жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев өз мойнына алған. Қазір үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:
- Мына үйлер нақты сол кісілерге салынып жатыр. Бұл балаларды иманды қылып, еңбекқор етіп тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін оятып, дұрыс азамат қылу – біздің басты мақсатымыз.
Ауыл азаматтары бірер жылда 26 баланы асырап алмақшы. Айта кету керек, жуырда Қоянды ауылындағы білім ошағы ресми түрде «орта мектеп» мәртебесін алды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин