Мәншүк Мәмбетова: Шәкірттеріңді көргенде марқайып қаласың
Бұл – 6 баланың анасы, ұстаз Мәншүк Мәмбетованың кәсіби жолдағы берік ұстанымы.
Сымбат Нәбиева, шәкірті:
- Мұғалімді өзіміз таңдайтын болғандықтан, біз жыл сайын осы Мәншүк апаймен бірге болуға тырысамыз. Мәншүк апай әрқашан студенттерге өзінің баласы ретінде қарайды. Бізге аса бір мейірімді адам ретінде жатталып қалған. Шай үстінде сөйлескенді жақсы көреміз. Өйткені апай бізге тек қана сабақты ғана емес, өмір туралы да көп нәрселер айтып береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдап, тіл теориясынан кандидаттық диссертация қорғаған Мәншүк еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастайды. «Кәсіби біліктіліктің сыры ізденісте» деп түсінген ол ғылым жолын жалғастыра жүріп, ұстаздықтан қол үзбейді.
Мәншүк Мәмбетова, ұстаз:
- Қазақстанның түкпір-түкпірінде әртүрлі шәкірттерім қызмет етіп жүр. Кез келген жерде кездесіп қалғанда, оларды көргенде сондай бір үлкен қуанышты сезімге бөленесің. Олардың жақсы маман болып қалыптасқанынан өзіңнің тамшыдай болса да үлесіңді қосқаныңа сондай қатты қуанасың.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Мәншүк Мәмбетова бірнеше тілді еркін меңгерген. Еңбек ете жүріп, «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады. Бірнеше ғылыми әдістемелік құралдың авторы. «Осынша жетістікке жетуім – отбасымның арқасы», – дейді ол.
Мәншүк Мәмбетова, ұстаз:
- Егер біздің атамыз бен әжеміз көмектеспесе, шынында мұның барлығына үлгермес едік. Ол кісілер үнемі біздің қандай бастамаларымыз болса да қолдап жүреді. Балаларымның атасы мен әжесі: «Сенің әрі қарай өсуің керек, өнуің керек, қызметің бар. Біз тұрған кезде ештеңеге алаңдама», – деп айтады.
Мәншүк – 5 қыз бен 1 ұлдың анасы, «Күміс алқа» иегері. Үлкен қызы Нүрия Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқыса, кенжетайы 2 жаста. Қарбалас жұмыстың арасында балаларына да уақыт тауып жүрген білікті ұстаз кәсібилігін шетелде шыңдамақ ниетте.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев, Эдуард Кон