Биыл 88 педофилге химиялық кастрация жасалады
Биыл бұл мақсатқа 11 млн теңге бөлінген. Әрине, бұл – қомақты қаржы. Бірақ бұл да бала зорлаушыларға тосқауыл болмай тұр. Биыл 8 айда балаларға қарсы жасалған 1500 қылмыс тіркелген. Құқық қорғау органдарында 1350 педофил мен 2800 зорлаушы тіркеуге алынған.
«Азғындар баланы көбіне ойын алаңынан алып кетуге тырысады. Сондықтан ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмауы тиіс», – дейді тәртіп сақшылары. Психологтардың пайымдауынша, 10 баланың 9-ы бейтаныс адамға сеніп ілесіп кетеді екен. Қоғам белсенділері қазір химиялық кастрацияның өзін тиімсіз деп есептейді. Себебі оның әсері уақытша ғана.
Арнамыздың тілшілері бейтаныс еркек балаларды ертіп алып кете алатыныны немесе алмайтынын білу үшін тәжірибе жүргізіп көрді. Өкінішке қарай, жеткіншектің барлығы сөзге алданып, ере кететін болып шықты. Айта кетейік, Президент халыққа Жолдауында зорлыққа қатысты қылмыстың жазасын күшейтуді тапсырған болатын.
Бахыт Түменова, қоғам қайраткері:
- Бір препаратпен емдеу – көңілге күдік ұялататын нәрсе. Себебі химиялық кастрацияның әсері уақытша ғана. Кейін оған тағы екпе жасалмаса, ағзасы қалпына келеді. Мәселе оның миында болып тұр. Бұл адамдардың өзі қатыгездік көріп, отбасында дұрыс тәрбие көрмеген. Оларды жазалау мәселесінде кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.