Мүгедектерге қажетті нысандар қолжетімді болуы тиіс
Алайда бұл көрсеткішпен мүгедектердің өздері мүлдем келіспейді. Елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесін Президент өз жолдауында айтқан. Ендеше бұл істе ілгерілеу ең алдымен мүгедектерге деген ізгі амалдан туындауы керек. Алматыдағы халықаралық форумда осы өзекті тақырып талқыланды.
Бірінші санаттығы мүгедек Богдан Джебко қаладағы келеңсіз кедергілерге күнде кездеседі. Әсіресе оған аялдамада автобус күту тіпті қиын. Көп күткен көлік иесі міз бақпай, оны мінгізбей кеткенін көрдік. Осындай жағдай ұдайы қайталанатыны өкінішті.
Аялдамадағы аянышты көрініс осымен аяқталмақ емес. Қоларбаға таңылған жандардың жан-дүниесін кім түсінсін? Түсінетіндер олардың еркін қозғалысы үшін арнайы жағдай жасайды. Бірақ олар дұрыс жасалған ба? Мысалы, Түрксіб ауданындағы бір ғана көше бойын аралау барысында сауда нүктелерінің көбісінде пандустар еш талапқа сай емес екендігіне көзіміз жетті.
Тіпті дәріханаға кіру де қиын. Осындай нысандар ауданда өте көп. Ал банк ғимаратына барар жол азапқа толы.
Богдан Джебко, Түрксіб ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі:
- Бізде осындай нысан көп. Ауданда 300 нысанға тексеріс жасадық. Басым бөлігі талапқа сай емес. Әсіресе кәсіпкерлік ғимараттарға кіру қиын. Өйткені олар мүгедектер құқығымен санаспайды және қажетті құралдар мен пандустарды орнатуға құлықсыз.
Бұдан бөлек қалада жерасты жолдарындағы пандустар да талапқа сай келмейді. Ал оны қайта салу – қаржылық шығын. Бұл жағдаймен күнде бетпе-бет келетін мүгедектердің өкпесі қара қазандай, әрине.
Ұлан Іңкәрбек, Қазақстан мүгедектер қоғамы басшысының орынбасары:
- Кейбіреулер бізді немқұрайлы тыңдап, содан кейін біз қайтадан барған кезде ол сол орнында тұра береді. Бұл әр адамның өзінің сана-сезіміне байланысты.
Бент-Анат Бейсебаева, қоғамдық бірлестік төрайымы:
- Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін қоғамда жанашырлық пен мейірім көзқарасы басым болуы керек. Екіншіден, оған атқарушы билік тікелей араласуы қажет. Соңғы кезде Алматыда мүгедектер үшін біраз шаруа атқарылып жатқанын айта аламыз. Десе де, біткен істегі кемшіліктерді емес, оларды болдырмауды ойлау керек.
Жалпы елімізде 700 мың мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның 43 мыңы Алматыда тұрады. Қол арбаға таңылған жандар үшін қалада небәрі 10 шақты инватакси жұмыс істейді. Бұл – жеткіліксіз. Ал аспалы көпірлер мен метродағы көтерме құралдарының көбі жұмыс істемейді. Осыдан-ақ мүгедектерге деген мүсіркеу мен олардың өміріне деген көзқарасты аңғаруға болады. Ал инклюзивті қоғамда ең алдымен жанашырлық пен көмек қолын созу түсінігі басым болуы шарт.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев